10.03.2023 | 19:17

Мәнерлеп сырғанаудан жастар спорт ойындарының үздіктері белгілі болды

Бүгін Астана қаласындағы «Алау» мұзайдынында мәнерлеп сырғанаудан IV қысқы жастар спорт ойындары аяқталды. Үш күнге созылған бәсекеге 11 өңірден (3 қала мен 8 облыс) 100-ге тарта спортшы қатысты.

Ересектер арасында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Ұлттық құрама өкілдері жүлдені өзара бөлісті. Ерлерден «ҚР Спорт шебері» разрядында Михаил Шайдоров жеңіске жетсе (254,98 балл), Диас Жиренбаев 2-ші (209,71 балл) Рахат Бралин 3-орын алды (200,94 балл).

Әйелдер арасында «ҚР Спорт шебері» разрядында елордалық Анна Левковец топ жарды. Ал Нұрия Сүлеймен (Астана) күміс жүлдегер атанса, София Фарафонова (Алматы қаласы) үздік үштікті түйіндеді.

Ойындардың жеңімпазы Михаил Шайдоров еркін бағдарламада танымал германиялық композитор Карл Орфтың «Кармина Бурана» кантатасына өнер көрсетті. Төрешілерден ең көп балл алған Михаил бұл жарысқа әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу үшін қатысып жатқанын айтты.

«Бұл ойындарға 2 аптадан кейін өтетін әлем чемпионаты қарсаңында өз шеберлігімді байқап көру үшін келдім. Жақсы өнер көрсеттім. Бағдарламама бірқатар күрделі элементтерді қостым. Бірақ бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге шамам жетеді. «Кармина Бурана» кантатасын өз бағдарламасына көп мәнерлеп сырғанаушы қолданды деп айта алмаймын. Әр жарыс сайын осы туындыдағы өз бағдарламамды жетілдіріп, жақсы хореография көрсетуге тырысамын»,-деді Михаил Шайдоров.

Өзге разряд бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер мынандай:

«Спорт шеберлігіне үміткер» разрядында (ерлер):

Никита Козлов 1-орын

Абай Садықов 2-орын

Даниил Рычков 3-орын

«Спорт шеберлігіне үміткер» қыздар арасында:

Зере Сарбалина 1-орын

Алика Халимова 2-орын

Екатерина Балюба 3-орын

«Бірінші спорт» разрядында:

Тимур Адылханов 1-орын

Амирлан Кусанов 2-орын

Станислав Коршиков 3-орын;

«Бірінші спорт» разрядында қыздар арасында:

Нұрия Қамысбай 1-орын

Валерия Зорькина 2-орын

Сирин Гафурова 3-орын

«Екінші спорттық» разрядында (қыздар):

София Петрова 1-орын

Мария Сосновская 2-орын

Дария Төлеш 3-орын

«Екінші спорттық» разрядында ұлдар арасында:

Джахонгир Абылқасымов 1-орын

Ералы Шахимұрат 2-орын

Дидар Ұлықбекұлы 3-орын

Жалпы командалық есепте Астана қаласы 1-орын, Алматы қаласы 2-орын, Қарағанды облысы 3-орынға ие болды. Марапаттау рәсіміне Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Ұлттық коньки тебушілер федерациясының вице-президент Эльмира Турганова қатысты.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес