02.05.2023 | 15:20

Су добынан Қазақстан құрамасы Әлем Кубогындағы 2 ойында жеңіске жетті

Германия астанасы Берлинде су добынан әйелдер арасындағы Әлем Кубогының 2-дивизиондағы ойындары басталды. В тобына түскен Әсел Жақаева баптайтын Ұлттық құрама алғашқы жарыс күні қос матчта да жеңіске жетті.

Германия құрамасымен болған матч біздің ватерполшылар үшін сәтсіз басталған. Линн Крукенберг есеп ашып, кейіннен алғашқы айналым қарсыластың пайдасына аяқталды (4-5). Сосын, қазақстандық ойыншылар жауапсыз 3 гол салып, 2-кезеңде жеңіске жетті. Өз ойынын тапқан Ұлттық құрама қалған 2 айналымда басымдығын ұлғайтып отырды. Қорытынды есеп: 11-7.

Осыдан кейін Ұлыбритания құрамасымен өткен кездесу біз үшін сүреңсіз басталды. Тек 2-айналымнан кейін ғана отандастарымыз сәтті ойнап, сенімді жеңіске жетті. Есеп. 15-7.

Енді Қазақстан құрамасы В тобында өзі секілді 2 турдан кейін 6 ұпай жинаған Жаңа Зеландиямен ертең кім мықтыны анықтайды. Бұл ойын топтағы жеңімпазды анықтағанымен, 2 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алып қойған. Қазақстан мен Жаңа Зеландия құрамасы А тобында 1-2 орын алған елмен финал жолдамасын сарапқа салады.

А тобында Израиль, Оңтүстік Африка, Өзбекстан мен Украина бар. Мұнда тек Израиль ғана 6 ұпай жинап, плей-офф жолдамасын иеленіп үлгерді. Қалған мүмкіндікке бір-бір жеңісі бар Оңтүстік Африка мен Өзбекстан таласады.

Жалпы 2-дивизиондағы 8 құрама Әлем Кубогының Суперфиналына бірелетін 2 жолдаманың иегерін анықтайды. Яғни, Берлинде финалға шыққандар ғана 23-25 маусым аралығында АҚШ-тың Лонг-Бич қаласында (Калифорния штаты) жүлдеге таласа алады. Қазіргі іріктеу жүйесі биылдан бастап қолданылады.

Алдыңғы аптада 1-дивизиондағы құрамалар Роттердам (Нидерланд) мен Афиныда (Грекия) Нидерланд, АҚШ, Мажарстан, Италия, Испания мен Грекия құрамалары 6 іріктеу ойынын өткізді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес