12.02.2023 | 22:40

Танымал атлет Ольга Рыпакова карьерасын аяқтады

Жеңіл атлетикадан Олимпиаданың 3 дүркін жүлдегері, Азия ойындарының 4 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, Универсида жеңімпазы атанған белгілі отандасымыз Ольга Рыпакова 38 жасында карьерасын аяқтағанын жабық кешендегі Х Азия чемпионатының жабылуы кезінде хабарлады.

«Еліме ризамын! Президент пен спорт жетекшілерінен бастап менің ең жас жанкүйерлеріме дейін бір ғана, бірақ өте маңызды нәрсе – маған сенгендері үшін алғыс айтамын. Мені тұлға ретінде, кәсіби спортшы ретінде танытуға мүмкіндік берген тағдырға және Құдайға алғыс айтамын», -деді спортшы.

Қазақ спортының дамуына зор үлес қосқан атлетке ҚР Премьер-Министрі алғыс хат жолдады.

«Сіздің жарқын жеңістеріңіз қазақстандық жанкүйерлердің жүрегінде мәңгі қалады. Біз сіздің спортқа және принциптерге деген адалдығыңызды бағалаймыз. Ел бойынша мыңдаған бала сізден үлгі алады және отандық жеңіл атлетика дәстүрін жалғастырады. Отандық спортты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз»,-деп жазылған Әлихан Смайыловтың құттықтау хатында.

Салтанатты кештің соңында спортшы жанкүйерлер алдында құрмет шеңберін жүгіріп өтті.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес