14.05.2023 | 19:59
Бөлісу:
Тарихи нәтиже! Қазақстан әлем чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды
Санаулы сәттер бұрын Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бүгін финалда тағы 3 отандасымыз – Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасып, бәрі жеңіске жетті.
Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг) бұл финалда сол кездегі қателіктерін қайталаған жоқ. Отандасымыз ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте бар шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Тіпті, 21 жастағы боксшымыз 3-раундта қырғыз төрешісіне 2 мәрте нокдаун тіркетті. Қазақ боксшысы осыған дейін шаршы алаңда Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшысын ұтқан. Айта кетейік, Махмұд 2 жыл бұрынғы Белградтағы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған.
Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан 2-ші әлем чемпионатында топ жарды. Отандасымыз финалда (71 кг) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Алдыңғы жекпе-жектерде Асланбек Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен.
Нұрбек Оралбай Ташкентте өз салмағында (80 кг) қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатып, бәсекеге әдемі нүкте қойды. Отандасымыз шешуші жекпе-жекте көптің қызығушылығын тудырған жекпе-жекте Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты. Осыған дейін Нұрбек Ресей, Иордания, Түркия мен Әзірбайжаннан келген боксшыдан басым түскен.
Кеше, финалдардың алғашқы күні Ұлттық құрамадағы ең жеңіл спортшы Санжар Ташкенбай топ жарып, чемпион атанған ең жас қазақ боксшысына айналды. Ал одан кейін шаршы алаңға шыққан Дулат Бекбауов (67 кг) қарсыласына жол беріп, күміс медальге қол жеткізді. Өзбекстандағы додаға Ұлттық құрама барлық 13 салмақта спортшы апарды. Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг) мен Қамшыбек Қонқабаев (+92 кг) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есепте 2-орын алды. Көш басында жарыс қожайыны Өзбекстан қалды. Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы ӘЧ тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған.
Тағы айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықАЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: АИДА ӘБІКЕЕВА КЕЛЕСІ АЙНАЛЫМҒА ШЫҚТЫ
АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: БЕЙБАРЫС ЖЕКСЕН ШИРЕК ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ