09.05.2023 | 22:15

Ташкенттегі əлем чемпионатының 9-күні: ширек финалға 7 боксшымыз шықты

Өзбекстан астанасы Ташкенттегі бокстан әлем чемпионатының 9-күні мәресіне жетті. Бүгін ел намысын Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауов пен Нұрқанат Райыс қорғады.

Күндізгі сессияда Асланбек (71 кг) израильдік Мирослав Капулер-Ищенконы, ал Нұрбек Оралбай (80 кг) тартысты жекпе-жекте түркиялық Каан Айкутсунды жеңді. Ұлттық құрама капитаны Шымбергенов қарсыласын бір рет есеңгіретіп, нокдаунға да түсірді. Енді келесі кезеңде Асланбек француз, Нұрбек болса Иордания боксшысымен қолғап түйістіреді.

Кешкі сессияның алғашқы кездесуінде рингке шыққан Махмұд Сабырхан жеңісті жолды жалғады. Алдыңғы əлем чемпионатында күміс жүлде алған отандасымыз (54 кг) Сачинді ұтты. Айта кетейік, Сачин 2016 жылы жастар арасында əлем чемпионы атанған алғашқы үндістандық боксшы атанған. Махмұд жартылай финал жолдамасын Гана елінің боксшысы Амаду Мұхамедпен сарапқа салады.

Қазақ-үндіс боксшылары арасындағы 2-кездесу де біздің пайдамызға аяқталды. Дулат Бекбауов (67 кг) алғашқы раундта Акаш Акашқа есе жібергенімен, қалған екеуінде еш мүмкіндік бермей, келесі кезеңге жолдама алды. Отандасымыздың келесі қарсыласы - мексикалық Мартинес Мигель Анхель.

Ұлттық құрама өкілдерінен соңғы болып рингке шыққан Нұрқанат Райыс əлем чемпионатының жүлдесі үшін таластан тыс қалды. Қазақ боксшысы (75 кг) бүгін бразилиялық Вандерлей Перейраның мықтылығын мойындады.

Осыған дейін Санжар Ташкенбай, Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қонақбаев ширек финалға шыққан.

Ташкенттегі әлем чемпионаты 14 мамырға дейін созылады. Жүлде үшін 104 елден жиналған 600-дан аса былғары қолғап шебері жиналды. Жарыс 13 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр.

Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA)  200 000 АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 000 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 000 мың АҚШ доллары беріледі. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн АҚШ долларын құрайды.

Байрақты бəсекені Qazaqstan және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес