19.10.2022 | invalid

Алматыда Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир өтеді

26-28 қазан аралығында Алматы қаласында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир өтеді. Жарыс Халықаралық коньки тебушілер одағы (ISU) ұйымдастыратын Challenger санатына кіреді.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған бәсеке дәстүрге айналып үлгерді. Алғаш рет 2019 жылы Алматыда басталған турнирді былтыр Астана қабылдаған. Ол кезде 18 елдің спортшылары еліміздің бас қаласында өзара шеберлік байқасты. Олардың қатарында 2021 жылғы Әлем чемпионатының жүлдегерлері мен Бейжің Олимпиадасының фавориттері болған. Биыл ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын «Денис Тен Мемориалын» Спортты дамыту дирекциясы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Халық Арена» қабылдайды.

Қазір Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзірбайжан, Молдова, Армения, Грузия, Украина мен Қырғызстанның Ұлттық федерациясы спортшы жіберетінін растады. Ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар барлық бағдарламада өнер көрсетеді.

Биылғы мемориалдың басты қойылымы жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жұбының биі болмақ. Денистің досы болған Дайсукэ Такахаси жекелей сында сәтті өнер көрсеткен спортшы, 2010 жылы Ванкувердегі Олимпиаданың жүлдегері. Ол бұл турнирде бақ сынауға қуана-қуана келісті. Осы тұста бұл жұп 2020 жылдан бері жарқын өнерімен көпті таңғалдырып келе жатқанын айта кеткен жөн. Олар Алматы төрінде де жарқын қойылыммен жанкүйерлерін қуантуға ниетті.

Дәстүр бойынша турнирді даңқты спортшының армандарын өмірде жүзеге асыруды көздейтін Денис Тен қоғамдық қоры ұйымдастырады.

«Денис Қазақстанды бүкіл әлемнің білгенін армандады. Әлемдік деңгейдегі осы тамаша турнирді ұйымдастыра алған адамдарға алғыс айтамын. Денистің анасы Оксана Алексеевна Тен көп нәрсе істеп жатыр. Маған турнирге жас қазақстандық спортшылардың көптеп қатысып жатқаны ұнайды. Бұл олар үшін өзін көрсететін мүмкіндік. Осылайша олар Дениске ұқсай алатынын біледі. Өйткені мен Денис олардың кумирі болғанын білемін»,-деген еді 2019 жылғы Denis Ten Memorial Challenge-ге келген атақты жаттықтырушы Елена Водорезова.

Биыл арнайы шақырылған қонақтар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марина Зуева, бірқатар Олимпиада чемпионын тәрбиелеген бапкер Гордеева-Гринков, Вертью-Скотт пен Олимпиада жеңімпазы, канадалық Патрик Чан және т.б. бар. Үш күн бойы, 26-28 қазан аралығында алматылықтар мен қала қонақтарын естен кетпес, жарқын бағдарламалар күтіп тұр. Марапаттау рәсімінен кейін жарыс жеңімпаздарының қатысуымен Гала-шоу өтеді. Гала-шоудың қонағы – Елена Радионова. Қосымшада турнирге қатысушылардың өнер көрсету кестесі бар. Соңғы нұсқа барлық қатысушы аккредиттелгеннен кейін жарияланады. Билеттерді «Халық Арена» мен «Алматы Арена» кассасынан, сондай-ақ almaty-arena.kz және zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

Біздің анықтама:

ISU Challenger Series турнирлері 2014 жылдан бастап қыркүйектен желтоқсанға дейін өтеді. Жыл сайын ISU Челленджер сериясына енгізілген жарыстардың тізімін қайта бекітііп отырады.

Айтпақшы, Денис Тен ISU Challenger сериясында 2 рет жеңіске жеткен. Отандасымыз 2014 жылы жаттығулардың тығыз кестесі мен жоспарланған өзге жарыстарға қарамастан, осы серияда да өнер көрсетуге шешім қабылдаған. Хорватиядағы «Zlatna pirueta Zagreba» турниріне барып, керемет өнер көрсетіп, 1-орын алды. Келесі жылы да Денис Загребте қайтадан бірінші болды. Ол кезде Денис табысты карьерасындағы екінші ең көп ұпайды (276,39) жинаған-ды.

Денис Тен – атақты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Ол отандастарының ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы мен кумиріне айналып үлгерген. Әлем чемпионатының жүлдегері және Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. Оның жетістіктері еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың қарқынды дамуына сепін берді.

Назар аударыңыз!

Құрметті әріптестер, халықаралық жарыстарға аккредиттеу іс-шара алдын ала жарияланған кезде өткізіледі. Аккредиттеуден өту бойынша: Қарлығаш Нұралиева, + 7 747 180 30 38. Баспасөз конференциясы 26 қазанда «Халық Арена» СК-де өтеді. Уақыты қосымша хабарланады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес