02.10.2023 | 14:03

Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Азиаданың плей-офф кезеңіне шықты

Бүгін волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы ХІХ жазғы Азия ойындарының топтық кезеңіндегі шешуші ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ришат Гилязутдинов шәкірттері бұл матчта Жапония құрамасына есе жіберді. Ойын бір сағат 10 минутқа созылды. Есеп: 17-25, 20-25, 13-25. Ұлттық құрама сапындағы ең нәтижелі ойыншы – Татьяна Никитина (20 ұпай). Ал қарсылас сапында – Минами Уэсака (16).

Осыған қарамастан Ұлттық құрама D тобында 2-орынмен плей-офф сатысына жолдама алды. Қазақстан алдыңғы турларда Ауғанстан мен Гонконгтан басым түскен. Енді барлық құрама ертең демалып, плей-офф кезеңіндегі кездесулерін бастайды. Қазақстан волейболшылары Таиланд және Тайпэй құрамасымен кім мықтыны анықтамақ.

Жалпы әйелдер құрамасы сары құрлық Олимпиадасына 1998 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта тек бір рет жүлдеге қол жеткізген. Гуанчжоудағы ойындарда (2010 жылы) Ұлттық құрама жартылай финалда Оңтүстік Кореяға 0-3 есебімен есе жіберіп, қола медаль үшін матчта Солтүстік Кореядан басым түскен (3-0). Ал осыған дейінгі Джакартадағы ойындарда қазақ волейболшылары 5-сатыдан көрінген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес