21.09.2023 | 23:37

Жәмилә Бақбергенова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Жәмилә Бақбергенова Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алып, ең олжалы қазақ палуанының біріне айналды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ұлттық құрама көшбасшысы санаулы сәттер бұрын Наталья Ивона Стшалканы (Польша) 4-1 есебімен жықты. Бұл 27 жастағы қазақстандық спортшының дүниежүзі бәсекесіндегі қатарынан 3-жүлдесі. Ол 2019 жылы Ослода, былтыр Белградта күміс жүлдеге ие болған. Жәмилә – мұндай нәтижеге қол жеткізген әйелдер арасындағы тұңғыш қазақ палуаны.

«Үшінші орынға жеңіспен жеткен соң қуаныштымын. Жылдың басында «бұл менің 72 кг дейінгі салмақтағы соңғы жылым» дегенмін. Мақсатым осы әлем чемпионатынан алтын алып кету болды. Қолдан келмегеніне өкініп тұрмын. Жартылай финалдағы қателіктің құны осылай болды. Енді Азия чеммпионатында 76 кг салмақта күресіп көрген соң бапкеріммен ақылдасып, шешім қабылдаймыз. Егер 76 келіде өзімді жақсы сенінсем сол салмақта қаламын»,деді Жәмилә Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Бақбергенова кеше чемпионатты 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері Фанни Нагидың (Сербия) жауырынын жерге тигізіп, сосын, ресейлік Ксения Бураковадан айласын асырды (7-1). Алайда жартылай финалда Даваанасан Энх Амарынға жол берді.

Осы тұста Жәмилә Бақбергенова (72 кг салмақта) сары құрлық бəсекесінде 3 мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ палуаны екенін айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Қазақстандық палуан чемпионаттан кейін Ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнын жоқтатпауға тырысады.

Жалпы Сербия астанасындағы палуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы кім мықтыны анықтап жатыр. 

Суреттің авторы – Шамкен Байырбек.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес