26.11.2022 | invalid
Бөлісу:
Жастар Әлем Кубогының 1-күні 3 медаль жеңіп алды
Финляндияның Сейняйоки қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем Кубогының 1-кезеңі басталды. Жиырмадан астам елдің үздік спортшылары бас қосқан бәсекенің алғашқы күні Қазақстан құрамасының қоржынына 3 медаль түсті.
Әйелдер арасында 1000 метрге жарыста Алина Дауранова алтын жүлде жеңіп алды. Ол қашықтықты 1:22.10 секундта бағындырды. Одан кейінгі сатыға польяк Виктория Домбровска мен итальян Серена Пергер жайғасты.
Бұл сайыста қазақстандық Дарья Гаврилова 12-ші, Арина Ильященко 16-шы, Алена Лифатова 20-сатыдан көрінді.
Ал мың метрде ерлер арасында Никита Важенин 2-орын алды. Ол жапониялық Исса Гунджиден 2 секундтай қалып кетті. Үздік үштікті нидерландтық Тим Принс түйіндеді. Қазақстандық Роман Бинозаров 8-ші, Андрей Семенов 11-ші, орынға тұрақтады.
Сондай-ақ 3000 метрді 4:06.16 секундта бағындырған қазақстандық Нұралы Ақжол қола жүлдегер атанды. Алтын мен күміс нидерландтық спортшыға бұйырды. Бұл қашықтықта Андрей Семенов 32-ші, Вадим Якубовский 34-ші орынды місе тұтты.
Ертең, соңғы күні спортшылар 500 және 1500 метрмен, масс-стартта жүлдеге таласады.
Айта кетейік, жастар арасындағы Әлем Кубогының 2-кезеңі 3-4 желтоқсанда осы Сейняйоки қаласында өтеді. Сосын, келер жылы 4-5 ақпанда Германияның Инцелльде бас қосады. Ары қарай 10-12 ақпанда дәл сол Инцелль қаласында жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: