16.05.2023 | 16:15

Ұлттық құрама Әлем Кубогын сәтті аяқтады

Артистік жүзуден Қазақстан құрамасы биылғы Әлем Кубогының 3 кезеңін табысты өткізді. Бүгін Мысырдың Хургада қаласында аяқталған сында біздің спортшыларға 3 медаль бұйырды. Шешуші жарыс күні акробатикадан командалық сында қазақстандықтар көрсеткен бағдарламасы үшін төрешілерден 210,0042 балл алып, күміс жүлдеге ие болды. Осы тұста Қазақстан финалдағы 5 құраманың ішінде тек бір ер спортшы (Артур Майданов) қосқан команда екенін айта кетейік. Жуырда жаңарған ереже бойынша 2 ер қосуға болады. Алтын Италия, қола Франция атлеттерінің еншісінде (208,9208 ұпай).

Кеше Ұлттық құрама көшбасшысы Эдуард Ким мен Наргиза Болатова жұбы техникалық бағдарламада 229,1042 балл жинап, күміс жүлдегер атанған. Олар биыл Канадада өткен алғашқы кезеңде үздік үштікті түйіндеген еді. Мұнда алтын жүлде «Жыл мезгілдері» туындысына өнер көрсеткен испаниялық Фернандо Диас дель Рио Сото мен Эмма Гарсияның уысында кетті.

Ал аралас командалық сынның еркін бағдарламасында Қазақстан командасы 277,3750 ұпаймен Италия мен Мысырдан кейінгі сатыға тұрақтады. Сондай-ақ Эдуард Ким жекелей сындағы еркін бағдарламаның финалына шығып, 5-сатыдан көрінсе, Арина Пушкина мен Ясмин Тұяқова жұбы техникалық бағдарламаның финалында 5-орынға жайғасты. Осылайша, Қазақстан Мысырдағы кезеңде жалпы есепте 7-сатыдан көрінді.

Қазақстан құрамасы биылғы 3 кезеңнің бәрінде жүлдеге қол жеткізді. Осыған дейін Монпельедегі 2-кезеңде Эдуард Ким күміс жүлдегер атанған. Отандасымыз S.O.S. d'un terrien en détresse туындысына көрсеткен өнері үшін 208.0083 ұпайға ие болған, әрі бағдарламаның күрделігі үшін ең көп балл жинаған.

Наурызда Канаданың Маркхэм қаласында Эдуард Ким күміс (техникалық) және қоланы (еркін жаттығу) мойнына таққан.

Енді маусымның үздіктері 2-4 маусымда Испанияның Овьедо қаласында өтетін Суперфиналда бас қосады. Бұл сында бақ сынайтын таңдаулы спортшылар тізімі енді белгілі болады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес