15.01.2024 | 18:08

Ұлттық құрама трап бағдарламасында 1 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды

Ұлттық құрама спортшылары Кувейт астанасында өтіп жатқан стенд атудан Азия чемпионатында 3 жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Трап бағдарламасының финалында Мария Дмитриенко 30 ұпай жинап, 3-орынға тұрақтады. Мұнда Париж Олимпиадасының қос жолдамасы жеңімпаз атанған Ван Ю Лю (Тайбэй) мен күміс жүлдегер Чжан Синьцюге (Қытай) бұйырды. Мария сәл ертеректе іріктеуде 117 нысананы дәл көздеп, 1-орынмен ақтық сынға жолдама алған.

Ал командалық сында Айжан Досмағамбетова, Анастасия Прилепина мен Мария Дмитриенко үштігі Қытай мен Үндістан мергендеріне есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Жастар арасында Қазақстан ерлер құрамасы ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тақты. Ел намысын Никита Моисеев, Богдан Конченко мен Никита Чикулаев қорғады.

Стенд атудан сары құрлық чемпионаты 22 қаңтарға дейін созылады. Биыл 35 елден жиналған 350-ден астам мерген сынға түсіп жатыр. Кувейтте Париж Олимпиадасының 8 лицензиясы сарапқа салынады. Яғни, əр жаттығудың чемпионы мен күміс жүлдегері. Скит жəне трап бағдарламасында барлығы 18 қазақстандық өнер көрсетеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес