27.09.2023 | 17:53

Әділбек Мусин – Ханчжоудағы Азиаданың қола жүлдегері

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында Ұлттық құрама қоржынына су спорт түрлерінен алғашқы жүлде түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жүз метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин қола медальге қол жеткізді. Ол қашықтықты 51.86 секундта жүзіп өтіп, Кацухиро Мацумото (Жапония) мен Чангхао Вангқа (Қытай) есе жіберді.

Әділбек 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында осы бағдарламада (50 метр, баттерфляй) және командалық эстафетада (4х100) қола жүлде жеңіп алған.

Осы тұста Мусин 50, 100, 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Қазақстан рекордының иесі екенін айта кетейік.

Сондай-ақ бүгін финалда бақ сынаған өзге спортшыларымыз тұғыр сатысына көтеріле алмады. Жүз метрге шалқалай жүзудің финалында Ксения Игнатова 1:02.05 уақыт көрсеткішімен 8-сатыға табан тіресе, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Софья Сподаренко финалда 59.73 уақытпен 8-орын алды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес