21.06.2023 | 17:20

Алексей Луценко мен Махаббат Үмітжанова жекелей сайыста Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы атанды

Бүгін Талдықорған қаласында тас жолдағы велоспорттан ҚР VI жазғы Спартакиадасының екінші жарыс күні өтті. Ерлер 30 шақырым болатын жекелей жарыстың жүлделерін сарапқа салып, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын Алексей Луценко жеңімпаз атанды. Ұлттық құрама көшбасшысы бұл қашықтықты 34 минут, 34 секундта жүріп өтті. Екінші орынды Павлодар облысының өкілі Дмитрий Груздев иеленді (0:35:58). Ол жеңімпаздан 1 минут, 24 секундтқа қалып қойды. Үздік үштікті Жетісу облысының шабандозы Антон Кузьмин түйіндеді (0:36:09).

Әйелдер 25 шақырым қашықтықта сынға түсіп, 36 минут 3 секунд уақыт көрсеткен Махаббат Үмітжановаға (СҚО) тең келер ешкім болмады. Күміс және қола жүлдені Жетісу облысының спортшылары Виолетта Казакова (0:37:11) мен Ақпейіл Өсім (0:37:21) иеленді. 

Енді «элита» санатының өкілдері топтық жарыстың жүлделері үшін таласқа түседі. 24 маусымда әйелдер 105 шақырым, ал ертесіне ерлер 164 шақырымда өзара мықтыларды анықтайды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес