17.08.2023 | 18:43

Әлем чемпионатының алғашқы күніндегі қазақстандық спортшылардың көрсеткіші

Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында алғашқы жүлде жиынтығы өз иесін тапты, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде Ұлттық құрама сапынан үздік нәтижені Валерий Рахимжан көрсетті. Ол 576 ұпаймен 33-орыннан көрінді. Ал Эльдар Иманқұлов 35-ші (575 ұпай), Максим Мазепа 56-сатыға (572 балл) тұрақтады. Қазақстан ерлер құрамасы осы көрсеткішпен командалық сында 12-орынға жайғасты.

Бұл бағдарламада іріктеуден финалға 8 атлет шыққан. Қытайлық Боуэн Чжан чемпион атанып, былтырғы атағын қорғап қалды. Сербиялық Дамир Микеч күміс, болгариялық Кирилл Киров қола медальге ие болды. Командалық сында Қытай алтын, Германия күміс, Үндістан қолаға қол созды. Барлығы ерлер арасында 124 спортшы жарыс жолына шықты.

Әйелдер арасында Ирина Юнусметова 25-ші (569 балл), Валерия Попелова 40-шы, Ольга Аксенова 56-шы (568 балл) сатыдан көрінді. Мұнда 118 мерген іріктеуге қатысты.

Қазақстан құрамасында тапаншамен нысана көздеуге жауапты аға бапкер Рашид Юнусметов бүгін бақ сынаған спортшылар бәрі өз толқынысы баса алмағандықтан, осындай нәтиже көрсеткенін айтады.

«Әрине, біз бұдан жақсы нәтиже күттік. Валерий Рахимжан мен Ирина Юнусметова финалға өтеді деген жоспар болды. Алғашқысының көрсеткіші биыл тек жақсарып келе жатқан. Ал Ирина былтыр Каирде өткен ересектердің әлем чемпионатында жасөспірімдер арасындағы рекордты жаңартып, ақтық сынға жолдама алған. Бүгін соны қайталаса дегенбіз. Бірақ сол нәтижеге, тіпті, жақындай да алмады. Бәрінде жаттығу кезінде олқылықтар болды. Оны жасырмаймын. Бұған себеп көп деп ойлаймын. Алдағы күндері ақылдасып, кеткен кемшіліктерді жойып, Азия ойындарында қайталмауға тырысамыз»,-деді ол Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Енді ертең 10 метрден тапаншамен нысана көздеуден аралас жұптар арасындағы үздіктер анықталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес