29.12.2022 | invalid
Бөлісу:
«Алматыдағы кезеңдердің қаһарманы». Денис Никиша спринтерлер арасынды жылды көш басында аяқтады
Қазақстандық шорт-трекші Денис Никиша 2022 жылды керемет көрсеткішпен тәмамдап, маусымның екінші бөлігінде жалпы есептегі көшбасшының бірі болатынын аңғартты. Спортты дамыту дирекциясы Сіздердің назарларыңызға Ұлттық құрама көшбасшысы Денис Никишаның 2022 жылдағы үздік нәтижелерін ұсынады.
Алматы қаласында өткен Әлем Кубогының III және IV кезеңінде ол 500 метрге жарыста 3 жүлдеге қол жеткізді. Әуелі күміс пен қоланы мойнына таққан спортшы соңғы сында барын салып, жеңімпаз атанды. Ізін ала «Халық аренадағы» сол сәттегі ғаламат атмосфераны пайдаланып, сүйгеніне сөз салған болатын.
Оның алдында Денис Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) 2-кезеңде 500 метрде күміс жүлдегер атанған. Қала берді Монреальда (Канада) өткен Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде ерлер құрамасы сапында 5 шақырым эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізді. Яғни, өзі қатысқан барлық кезеңде тұғыр сатысына көтерілді.
Осының арқасында қазақстандық шорт-трекші спринтерлер арасында (500 м) рейтингте 1-орынға шықты. Қазір еншісінде 294 ұпай бар. Ал барлық қашықтықтағы шорт-трекшілер арасында Денис Никиша үздік бестікті түйіндейді. Ұлттық құраманың тағы бір өкілі Абзал Әжғалиев осы қашықтықта 4-сатыда (208 ұпай).
Биыл Әлем Кубогы кезеңдерінің бастау алғанына ширек ғасыр толды. Осыған орай осы маусымнан бастап барлық 6 кезеңнен соң ерлер мен әйелдер арасындағы жалпы есептің жеңімпазы «Гауһар глобусқа» ие болмақ. Сол бір мәртебелі жүлде үшін Қазақстан құрамасының спортшысы да таласқа түсіп жатқаны бізге қуаныш сыйлайды.
Бес жыл күткен алтын
Биыл желтоқсан айына дейін қазақстандық шорт-трекшілер ұзақ уақыттан бері Әлем Кубогында алтын медальге қол жеткізе алмай келді. Осыған дейін 2016-2017 жылғы Минсктегі кезеңде Денис Никиша 500 метрге мәреге бірінші келіп, әнұранымызды шырқатқан. Жалпы 27 жастағы спортшы үшін сол жыл сәтті өтті. Қостанай облысының тумасы Алматыда өткен Универсиадада 3 қоланы қанжығасына байлаған-ды.
Келесі жылғы жарыстардан күтеріміз көп
Әлем Кубогының қалған 2 кезеңін 2023 жылы Дрезден (Германия, 3-5 ақпан) мен Дордрехт қаласы (Нидерланд, 10-12 ақпан) қабылдайды. Сосын 10-12 наурыз күндері Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Әлем чемпионатында (негізі 2020 жылы өтпей қалған ӘЧ) жылдың үздіктерін анықтайды. Қазақстан құрамасы әлі Әлем чемпионатында жүлде алмаған. Алматыдағы кезең кезінде бас бапкер Нұрберген Жұмағазиев «2023 жылы алғашқы медальді елге тарту етуге тырысамыз», деп айтқан.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕНИС НИКИША: «ЕРТЕҢГІ ЖАРЫС МЕН ҮШІН ОДАН ДА МАҢЫЗДЫ»