22.12.2023 | 16:28

Ақмолалық биатлоншылар ҚР Кубогының 2-кезеңін табысты бастады

Бүгін Щучинск қаласындағы Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының базасында биатлоннан ҚР Кубогының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бірінші күні спринт жарысына Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан 100-ден астам спортшы қатысты.

Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша ерлер арасындағы 10 км жарыста Ақмола облысының өкілі Петр Ермоленко жеңіске жетті. Ол мәреге 28:44.2 уақытта келсе, екінші болып тағы бір ақмолалық Антон Башкиров +23.8 секундтан кейін жетсе, алматылық Темірлан Төлегенов  (29:14.8) үздік үштікті түйіндеді.

Әйелдер арасында 7,5 шақырымды Галина Вишневская-Шепоренко 23:15.1 уақытта бағындырды. Дарья Климина +34,3 секунд айырмашылықпен 23:49.4 уақытта екінші болса, Елизавета Белецкая (24:44.8) қолаға қол жеткізді.

Жасөспірімдер сынында Руслан Амурлаев (Ақмола облысы) 10 шақырымды 27:34.2 уақытта бағындырды. Данил Червенко (Ақмола облысы) +19.4 секундқа кешігіп жетті. Ал Евгений Литвинов (28:01.9) үшінші орынды місе тұтты.

Қыздар арасында (7,5 км) СҚО биатлоншысы Мария Польдяева (24:42.4) топ жарды. Одан кейін Ксения Долгополова мен Яна Чупик жайғасты.

Ертең, 22 желтоқсанда жарыстың соңғы күні өтеді. Спортшылар тағы да спринт дисциплинасы бойынша өнер көрсетеді. Жарыс нәтижесі бойынша келесі жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін 4-ші қысқы жастар Олимпиадасына баратын Ұлттық құрама анықталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес