04.11.2022 |

Азия чемпионаты: рингке шыққан барлық боксшымыз жеңіске жетті

Бүгін, Аммандағы Азия чемпионатының 4-күні 3 қазақстандық былғары қолғап шебері өнер көрсетті, деп хабарлайды kazsports.kz.

Күндізгі сессияда ел чемпионы Дулат Бекбауов 1/8 кезеңінде түркменстандық Сапармурат Одаевты таза ұтты. Есеп: 5-0. Енді ол 67 кг дейінгі салмақтың ширек финалында 6 қарашада қырғыз Жақсылық Талайбековпен күш сынасады.

Ал осыдан кейін шаршы алаңға шыққан Асланбек Шымбергенов алғашқы жекпе-жегінде Пианар Маржонды (Филиппин) 2-раундта нокаутқа түсірді. Енді Асланбек 7 қарашада ширек финалда үндістандық Сачинмен кездеседі.

Кешкі сессиядағы Санжар Ташкенбай мен өзбекстандық Асылбек Жалилов текетіресін көп жанкүйер асыға күткен анық. Бұл айқаста жастар арасындағы Азия чемпионы Санжардың асығы алшысынан түсті. Ол алғашқы раундтан бастап тізгінді қолға алып, сенімді жеңіске жетті. Есеп: 5-0. Енді қазақстандық боксшы 6 қарашада қырғыз Мирлан Түрікбайұлымен жұдырықтасады.

Айта кетейік, Иорданиядағы сары құрылықтың биылғы үздіктері 11-12 қарашада белгілі болады.

Суреттердің авторы - Аян Төлеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес