27.12.2023 | 22:29
Бөлісу:
Бибісара Асаубаева 3 жеңістің арқасында жағдайын жақсарта түсті. Екінші күнге шолу
Өзбекстанның Самарқан қаласында рапид пен блиц шахматтан әлем чемпионатының 2-күні аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін ерлер мен әйелдер рапидте 4 турдан ойнады. Сессиядағы алғашқы жүрісті 1-тақтада FIDE басқарма төрағасының орынбасары Дана Рейзниеце-Озола жасады. Барлығы рапид түрінде 270-ке жуық ойыншы тіркелген.
Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева бүгінгі 4 ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, ұпай санын 5,5-ке жеткізді. Қазір 1-орында тұрған Анастасия Бондаруктың (FIDE) еншісінде 7 балл. Ертеңгі шешуші 3 турда жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін.
Тағы бір Ұлттық құрама ойыншысы Зарина Нұрғалиева, Назерке Нұрғали, Ксения Балабаева мен Әсел Серікбайда 5 ұпайдан бар. Барлық шахматшының нәтижесін мына жерден көре аласыздар.
«Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық қарсыласым жақсы ойын көрсетті. Менің тәжірибежинауым үшін осында алып келген Қазақстан шахмат федерациясына алғыс айтамын. Осындай ірі турнирде ойнап жатқаныма қуаныштымын. Әлем чемпионатына қатысу барлық шахматшының арманы деп ойлаймын. Енді қалған 3 турда барымды саламын»,-деді биыл U-12 санатында әлем чемпионы атанған Айару Алтынбек.
Ерлер арасында қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен кешегі басымдығын сақтап қалды. Норвег гроссмейстері былтыр Алматыдағы жетістігін қайталаудан әбден дәмелі көрінеді. Қазір 9 турдан кейін оның еншісінде 7 ұпай. Десе де одан кейін тұрған Владимир Федосеев (Словения) пен Янг Юда (Қытай) 7 жеңістен бар.
Мұнда Қазақстан шахматшыларынан ең жақсы көрсеткіш Денис Махневте (5 ұпай). Одан соң Даниял Сапенов (4,5) және кеше жылдам шахматтан әлем чемпионы Ян Непомнящиймен тең түскен Ернұр Амангелді (4,5 балл) келе жатыр.
Осы тұста 10 жастағы Данис Қуандықұлының еншісінде 4 ұпай барын айта кеткен жөн. Ересектер арасында алғаш рет ойнап жатқан Данис бүгін өзінен әлдеқайда рейтингі жоғары 3 қарсыласын жеңді. Тек күннің соңғы турында отандасы Денис Махневтің мықты екенін мойындады. Барлық нәтижені мына жерден көре аласыздар. Ертең ерлер арасында қалған 4 тур өтеді.
«Самарқан қаласына Ұлттық құрама сапында 23 шахматшы келді. Арасында тәжірибелі шәкірттерімізбен қатар жас ойыншылар да жетерлік. Мұндағы мақсатымыз – олардың тәжірибе жинауына жағдай жасау. Мысалы, Ернұр Амангелді кеше көпшілік жақсы білетін Ян Непомнящиймен тең ойнады. Ал 10 жастағы Данис Қуандықұлы бүгін қатарынан 3 турда жеңіске жетті. Команда көшбасшысы Бибісарадан жақсы нәтиже күтетініміз белгілі. Жалпы барлық ойыншымыз өз деңгейінде өнер көрсетіп жатыр»,-деді шахматтан Мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлеріне үлестіріледі. Шахматшылар 26-28 желтоқсан күндері рапидтен сынға түссе, 29-30 желтоқсанда блиц шахматтан мықтылар анықталады.
Әлем чемпионаты жайлы барлық ақпаратты төмендегі сілтемелер арқылы ала аласыздар.
ФИДЕ-нің YouTube арнасында тікелей эфирде ойындарды әлем чемпионы Вишванатан Ананд пен шахмат журналисі Анастасия Карлович жүргізіп жатыр.
Рапид пен блицтен былтырғы әлем чемпионаты тура осы уақытта Алматы қаласында өтіп, рапидте Динара Садуақасова күміс жүлдегер атанса, блицтен соңғы турда Бибісара Асаубаева алтыннан алқа таққан. Ал ерлер арасында екі сында да Магнус Карлсен қарсылас шақ келтірген жоқ.
Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ СЕРИЯСЫНДА КӨШ БАСТАДЫ
БИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ КЕЗЕҢІНДЕ ТАҒЫ ЖҮЛДЕ ЖЕҢІП АЛДЫ
FIDE GRAND PRIX SERIES: БИБІСАРА АСАУБАЕВА 4-ОРЫНҒА СЫРҒЫДЫ
ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ