25.05.2024 | 22:13
Бөлісу:
Бурабайда триатлоннан Азия Кубогының жеңімпаздары анықталды
Бурабайда «Айнакөл» қонақүйінің жанында триатлоннан Азия Кубогы мен Орталық Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биылғы жарысқа 12 елден барлығы элита санатында 37 атлет (ерлер - 29, әйелдер - 8) қатысты. Спортшылар 3 сағатқа жуық уақытта 750 метр қашықтықты жүзіп өтіп, 40 шақырымды велосипедпен артқа тастады. Оған қоса 10 шақырым жолды жүгірді.
Азия Кубогының нәтижесінде қазақстандық Дарын Қонысбаев төртінші сатыға жайғасса, Александр Тен алтыншы, Арлан Жаңабай жетінші, Егор Крупяков тоғызыншы, Аян Бейсенбаев он бірінші, Максим Шмулич он екінші, Мейірлан Ысқақов он төртінші, Әлихан Әбусейіт он жетінші, Әнуар Тұрыбаев он сегізінші, Данил Породнов жиырма бірінші және Әбілхайыр Тіржанов жиырма екінші орында сайысты тәмамдады. Жеңіс тұғырынан Германия өкілі Янне Бюттель көрінсе, күміс ирландиялық Расселл Уайтқа бұйырды. Қолаға гонконгтық Шинг Хим Ю қол жеткізді.
Әйелдер арасында отандасымыз Екатерина Шабалина 4-ші, Юля Озерова 6-шы, Милена Саприна 7-ші, ал Надежда Бекмағанбетова 8-ші орында тұр. Алтынды ирландиялық Элизабет Карр, күмісті гонконгтық Бэйли Браун, қоланы өзбекстандық Алинам Хакимова жеңіп алды.
«Старт оңайға соққан жоқ. Мықты бәсекелестікке қарамастан, спортшыларымыз барын салды. Келесі жолы тыңғылықты дайындалып, қателіктермен жұмыс істейтін боламыз», - деді ҚР триатлон федерациясының бірінші вице-президенті Юрий Соловьев.
Айта кетейік, аталмыш дода триатлоншыларға 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қажетті ұпайларды әкелетін соңғы рейтингтік жарыстардың бірі. Атап айтсақ, 1-орынға 200, 2-орынға 185, 3-орынға 170 ұпай беріледі.
Орталық Азия чемпионатының қорытындысында бас жүлдені ерлер арасында Дарын Қонысбаев иеленсе, Александр Тен екінші, Арлан Жаңабай үшінші болды. Әйелдер арасында өзбекстандық Алина Хакимова алтыннан алқа тақты. Қалған жүлдені Екатерина Шабалина мен Юля Озерова өзара бөлісті.
Суреттер: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: