17.10.2023 | 14:06
Бөлісу:
Денис Тен Мемориалы биыл Астанада өтеді
2-4 қараша аралығында Астана қаласындағы «Барыс-Арена» кешенінде мәнерлеп сырғанаудан IV Денис Тен Мемориалы өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биыл да ISU-дың Челленджер санатына кірген жарысқа 20-дан астам елдің спортшылары қатысады. Бұл қатарда Денистің достары да бар. Турнир кезінде жекелей сын (ерлер, әйелдер) мен мұзда билеуден үздіктер анықталып, ISU рейтингінің ұпайлары үлестіріледі. Сонымен қатар, жүлдегерлер қаржылай сыйақыға ие болады.
Мемориал жайлы
Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнир алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Сосын, 2021 жылы Астанада, ал былтыр қайта Алматы қаласында ұйымдастырылған. Бір жыл бұрын Ұлттық құрама спортшыларынан жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда тек грузин Ника Егадзеге есе жіберіп, 2-орын алған. Ал әйелдер арасында оңтүстік кореялық Минче Ким ешкімге дес бермесе, Анна Левковец жалпы есепте 2-орнын сақтап қалып, күміс медальге қол жеткізген.
Біздің анықтама:
ISU Challenger Series турнирлері 2014 жылдан бастап қыркүйектен желтоқсанға дейін өтеді. Жыл сайын ISU, яғни Халықаралық конькишілер одағы Челленджер сериясындағы жарыстардың тізімін қайта бекітіп отырады.
Осы орайда Денис Тен ISU Challenger сериясындағы турнирлерде 3 мәрте жеңіске жеткенін айта кетейік. Отандасымыз 2009, 2014 және 2015 жылы Хорватиядағы «Zlatna pirueta Zagreba» (Golden Spin of Zagreb) турниріне барып, керемет өнер көрсетіп, 1-орын алған.
Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері 2014 жылы 47-рет өткен сында 249,94 балл алған. Ал 2015 жылы Хорватияда жинаған 276,39 балл карьерасындағы үздік нәтиженің бірі саналады. Сол жылы тағы бір отандасымыз Элизабет Тұрсынбаева аты аталған турнирдің күміс жүлдегері атанған.
Денис Тен – атақты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Ол отандастарының ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы мен кумиріне айналып үлгерген, әлем чемпионатының жүлдегері және Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. Оның жетістіктері еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың қарқынды дамуына сепін беріп жатыр.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: