22.08.2023 | 20:01

Елордада джиу-джитсудан әлем чемпионаты басталды

Астана қаласында алғаш рет джиу-джитсудан жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Дүбірлі додаға әлемнің 42 елінен 1000-нан астам ең мықты деген боз кілем шебері жиналды. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 194 спортшы қорғайды.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Джиу-джитсу федерациясының президенті Теодоропулос Панайотис, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР джиу-джитсу қауымдастығының президенті Қуат Сагиев қатысты.

«Бүгінгі таңда джиу-джитсу спорт түрі елімізге келгеніне аз уақыт болса да, кейінгі екі жылда үлкен жетістіктерге жетті. Оған дәлел, JJIF (Джиу Джитсу Халықаралық Федерациясы) әлемдік деңгейде осы спорт түрін дамытуда үлкен үлес қосқаны үшін, Қазақстандағы джиу-джитсу спорт түрін дүниежүзінде екінші орын деп таныды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қамқорлығының арқасында елімізде отандық спортқа аса үлкен көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде, бүгінде отандық джиу-джитсушылар әлем біріншіліктерінде жоғары нәтижемен қуантуда.

Бүгінгі күні джиу-джитсу спорт түрімен 19 мыңнан астам шұғылданушы бар. Әлем чемпионатын елордамыз Астана қаласында өткізу джиу-джитсу спортын республикамызда және халықаралық аренада дамытуға және кеңінен таратуға, спортшылардың кәсіби шеберлігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыруға, халықты жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін!» - деді Ербол Мырзабосынов.

Бес күн қатарынан өтетін дүбірлі додада 14-21 жас санаттары бойынша қатысушылар бақ сынайды.

Жарыс 25 тамызға дейін Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жалғасады. Чемпионаттың ақтық белдесулері Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес