24.01.2024 | 12:18
Бөлісу:
Ермек Маржықпаев триатлон федерациясының өкілдерімен кездесті
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев триатлон федерациясының басшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын барысында федерация өкілдері триатлоннан ұлттық құраманың 2023 жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы бәсекелерге дайындық жоспарын таныстырды.
Триатлоннан Қазақстан құрамасы былтыр халықаралық жарыстарда тәуір нәтиже көрсеткенімен, Қытайдағы Азия ойындарында бәсеке алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмады. Яғни, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Азиаданың алдында 1 күміс медаль жеңіп алуға уәде бергенімен, іс жүзінде тек 1 қола жүлдеге қол жеткізді.
«Қазақстан триатлонының халықаралық аренада жеңіспен өрілген жақсы дәстүрі бар. Атап айтар болсақ, еліміздің даңқты триатлоншысы Гааг Дмитрий 1999 жылы әлем чемпионатында топ жарып, Сидней Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, жасыл құрлықтағы аламанда жерлесіміз 4-орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сонымен қатар отандық спортшылардан Олимпия ойындарына Михаил Кузнецов (Сидней) пен Данил Сапунов (Афины) та қатысқан еді. Алайда, олар да жүлделі орындардан көріне алмады. 2012 жылдан бері жерлестеріміз триатлон спортынан Олимпиада лицензиясын жеңе алмай келеді. Сондықтан алдағы уақытта отандық триатлонды жандандырып, нәтижеге жұмыс істеу керек», - деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар министр Олимпия ойындары қарсаңында триатлон федерациясына Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндігі бар ұлттық құрама көшбасшыларын жеке жоспар бойынша дайындау, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесін сапалы жасау, халықаралық ұйымдардағы өкілдеріміздің санын арттыру және халықаралық деңгейдегі төрешілерді даярлау жөніндегі жұмысты жалғастыру сияқты бірқатар тапсырма берді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: