15.03.2023 | 15:01
Бөлісу:
IV қысқы Жастар спорт ойындары: конькимен жүгіруден тағы 2 қашықтықтағы үздіктер анықталды
Бүгін Астана қаласындағы «Алау» мұзайдынында конькимен жүгіруден IV қысқы Жастар спорт ойындарының 2-күні өтті. Жарыс нәтижесі мынандай:
Әйелдер арасында мың метрде елордалық Алина Дауранова үздік шықса, одан кейін тұғыр сатысына Дарья Гаврилова (Астана) мен Ева Баслерова (Алматы қаласы) көтерілді. Бұл қашықтықта ерлер арасында қостанайлық конькишілер өзге өңірлерге дес берген жоқ. Андрей Семёнов алтыннан алқа тақса, кеше спринтерлер сынында топ жарған Никита Важенин күміс, Роман Биназаров қола жүлдегер атанды.
Командалық сында Екатерина Лейко, Алёна Лифатова мен Арина Ильященко үштігі Павлодар облысына кезекті алтынды сыйласа, Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы қалған жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Алматы қаласы жеңімпаз атанса, Қостанай күміс, Астана қаласы қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, кешенді жарысқа 8 облыс пен 2 қаладан барлығы 120 таңдаулы конькиші жиналды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: