26.06.2023 | 21:46

Карина Горичева мен Петр Хребтов VI жазғы Спартакиаданың жеңімпазы атанды

Алматыда ауыр атлетикадан өтіп жатқан ҚР VI жазғы Спартакиадасында бүгін үш салмақ дәрежесінде үздік шыққандар белгілі болды. Жарыстың төртінші күні әйелдерден екі, ерлерден бір салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Әйелдер арасында 64 келіде жетісулық Карина Горичева чемпион атанса, шығысқазақстандық Дарья Павлова күміс, ақмолалық Кира Данилова қола жүлдеге ие болды. Ал 71 келіде Ақмола облысының спортшысы Екатерина Столяренко жеңіс тұғырына көтерілсе, жетісулық Анжела Чалкарова екінші, Надежда Ли үшінші орыннан көрінді.

Ерлер арасында 67 кг салмақта алматылық Петр Хребтовтың мерейі үстем болса, қызылордалық Азамат Төлеген күміс, ақмолалық Виктор Надворный қола жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, ертең зілтемір шеберлері 73, 76, 81 келіде өзара мықтыны анықтайды. Байрақты бәсеке 29 маусымға дейін жалғасады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес