20.07.2024 | 15:55

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ СПАРТАКИАДАДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ТОП ЖАРДЫ

Бүгін Ақтөбе қаласында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасындағы дәстүрлі Спартакиада мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бір аптаға созылған әріптестер арасындағы сынға 17 облыс пен Астана, Шымкент қаласының командасы жиналып, спорттың 8 түрінен шеберлік байқасты. Олар: үстел теннисі, гір тасын көтеру, жүзу,  тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, шағын футбол, волейбол.

Нәтижесінде жалпы есепте Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілері топ жарды. Олар шешуші жарыс күні шағын футбол мен волейболдан финалда қарсыласынан басым түсті. Сондай-ақ бірнеше күн бұрын қазақ күресінен аса ауыр салмақта Ақтөбе облысы спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытов чемпион атанған. Ал Ақтөбе облысы Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Евгений Гончаров гір тасын көтеруде алдынан жан салған жоқ.

«Бүгін 2 финалмен салалық Спартакиаданы жоғары деңгейде аяқтап отырмыз. Бір апта бойы қаламызда еліміздің әр өңірінен түрлі лауызымдағы мемлекеттік қызметшілер бас қосты. Жарыс барысында шеберлік байқасқанымен, қалған уақытта бір-бірімен араласып, жақсы қарым қатынас орнатты деген сенімдемін. Біздің облыс осы Спартакиаданы жоғары дәрежеде ұйымдастыруға барын салды. Былтыр Талдықорғандағы жарыстан кейін дайындықты бастап кеткенбіз. Міне бүгін жалпы есепте 1-орын алды. Бұл бәріміз үшін спорт мерекесі болды»,-деді Ақтөбе облысы Спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытов СДД-ның баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Жалпы есепте 2-орын Батыс Қазақстан облысы командасының еншісінде. Бұл өңірдің мамандары гір тасын көтеру (Исатай Қарабаев 85 кг), қазақ күресінен (Темірлан Ғаббасов 82 кг) алтыннан алқа тақты. Тоғызқұмалақ, жүзу, шағын футболдан тұрақты жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Үздік үштікті Түркістан облысының қызметкерлері түйіндеді. Оңтүстік өңірдің волейбол командасы бүгін финалда Ақтөбе ұжымына тегеурінді қарсылық көрсетіп, 2-орынға ие болды. Алдыңғы күндері тоғызқұмалақ (Ермек Ағабек) пен қазақ күресі шеберлерінің жоғары нәтижесі Түркістан облысына қорытынды кестеде басымдық сыйлады.

«Біз бірнеше жылдан бері осы Спартакиадаға барлық спорттан қатысып келеміз. Осы жолы біздің волейболшылар, тоғызқұмалақ пен қазақ күресі шеберлеріміз жақсы көрсеткіш көрсетті. Расында, осы Спартакиада бәріміз үшін достықтың, сыйластықтың көрінісіне айналды. Облысымызда спортпен айналысатын әріптестеріміздің қатары көбейіп жатыр. Барлық қатысушыны шын жүректен құттықтаймын!»,-деді Түркістан облысы Спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, былтыр бұл Спартакиаданы Жетісу облысы қабылдаған. Келесі жылы кезекті Атырау облысы алады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес