28.11.2024 | 16:08
Бөлісу:
МИХАИЛ ШАЙДОРОВ ГРАН-ПРИ ФИНАЛЫНА ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫҒА АЙНАЛДЫ
Бүгін мәнерлеп сырғанаудан 2024-2025 жылғы маусымдағы Гран-Придің финалына Ұлттық құрама спортшысы Михаил Шайдоровтың қатысатыны ресми белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қорытынды турнир 6-8 желтоқсан аралығында Францияның Гренобль қаласында өтеді. Әуелде Халықаралық конькишілер одағы (ISU) жариялаған үздік 6 спортшының тізімінде Шайдоров болмаған. Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2024), 2 дүркін Еуропа чемпионы Адам Сяо Хим Фа тобығын ауыртып алып, өз жанкүйерлерінің көз алдында өнер көрсете алмайтын болған соң оның орнын Михаил басты. Қазақстандық Қытайдағы Гран-приде күміс жүлде жеңіп алғаннан кейін қосалқы құрамдағы үміткерлер арасында 1-сатыға көтерілген (маусымда 22 ұпаймен).
Греноблде сынға түсетін ерлер:
- Илья Малинин (АҚШ, 2024 жылғы әлем чемпионы, 2023 жылғы Гран-при жеңімпазы);
- Юма Кагияма (Жапония, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері);
- Шун Сато (Жапония, 4 құрлық чемпионатының жүлдегері);
- Кевин Аймоз (Франция, 2023 жылғы Гран-придің финалисі);
- Даниэль Грассл (Италия, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері);
- Михаил Шайдоров (Қазақстан, 20 жаста. Ол Чунцин қаласындағы турнирде 182.96 ұпай жинап, жеке рекордын тіркеді);
Ерлер арасындағы толық ресми хаттама мына жерде.
Гран-Придің финалы тек таңдаулы спортшылар қатысатын жарыс саналады. Әйелдер және жұптық сында финалға шыққан қазақстандықтар жоқ. Айта кетейік, маусымдағы Гран-При кезеңдері Техас (АҚШ), Галифакс (Канада) Анже (Франция), Токио (Жапония), Хельсинки (Финляндия) және Чунцин (Қытай) қаласында өтті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: