11.11.2023 | 20:46

Михаил Шайдоров – Қытайдағы Гран-придің қола жүлдегері

Ұлттық құрама спортшысы Михаил Шайдоров Қытайдың Чунцин қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан Гран-придің қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Ерлер арасындағы жекелей сында отандасымыз 264.46 ұпай жинады. Бұл ның карьерасындағы әзірге үздік көрсеткіш. Бірінші орынды Еуропа чемпионы, Франция спортшысы Адам Сяо Хим Фа (298.38) иеленсе, жапондық Шома Уно (279.98) күміс жүлдегер атанды. Барлығы бұл жарыста 12 елдің 57 спортшысы бақ сынады.

Осы тұста Михаил Гран-при жарысында жүлде жеңіп алған Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаевадан кейінгі қазақ спортшысы екенін айта кетейік. 

Даңқты композитор Карл Орфтың «Кармина Бурана» кантатасына билеген Шайдоров еркін бағдарлама үшін 174,52 балл алып, халықаралық деңгейдегі кезекті жеке рекордын жаңартты.

«Бүгін бір қарбалас күн болды. Себебі, негізгі қарсыласымның бірі Боян Чжиннен кейін өнер көрсетуім қажет еді. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Нәтижеме көңілім толады. Бұл менің ересектер арасында халықаралық деңгейде жеңіп алған алғашқы медалім. Бұл мені одан да қарқынды дайындалып, Шомо және Адам сынды спортшылармен бәсекеге қабілетті болуға итермелейді»,-деді Ұлттық құрама спортшысы ISU-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қытай Кубогы аталып кеткен Чунциндегі жарыс ISU-дың осы спорт түрінен Гран-при сериясындағы төртінші кезең саналады. Мәнерлеп сырғанаушылар барлығы 6 кезеңде ұпай жинап, 7-10 желтоқсанда Бейжіңдегі ISU финалына жолдама алуға барын салады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес