13.06.2022 | invalid

Қайрат Сағадиев: «Алдағы 2 айтулы бәсекеге тыңғылықты дайындалып жатырмыз»

Бүгін Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков әйелдер күресінен Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сағадиевті қабылдады. Бапкер жуырда өткен Азия чемпионаты мен рейтингтік Дәулет Тұрлыханов Кубогіндегі біздің балуандардың нәтижесі жайлы тарқатып айтты.

Қазір 2022 жылғы күнтізбедегі жарыстардың тең жартысы артта қалды. Қазақстан құрамасының аталған сайыстарда ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетті. Құрлық додасында жалпы есепте 3-орын алған аруларымыз Алматыдағы халықаралық додада ұпай қорын молайтып алды.

Қайрат Сағадиев өз сөзінде Ұлттық құраманың жартысына жуығы 23 жасқа дейінгі спортшылар екенін атап өтті. Айта кетейік, 23-25 маусым аралығында Қырғыз елінің астанасы Бішкекте 23 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионаты өтеді. Қазір қазақстандық бозкілем шеберлері елордада аталған сынға дайындығын пысықтап жатыр. Ал сол сәтте Қарағанды қаласында өтетін ел чемпионатының орны бір бөлек болмақ. Құрама бапкерінің сөзінше, бұл жарты жылдық нәтижеден кейін құраманы қайта жасақатауға жол ашады. Сәйкесінше, алда келе жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындары мен Сербиядағы Әлем чемпионатына аттанатын балуандар іріктеледі.

«Жоспар бойынша биыл қыркүйекте Азия ойындары өтуі керек еді. Келе жатқан чемпионатты сол сайысқа іріктеу деп қарастырып отырғанбыз. Алайда құрлық ойындары 1 жылға кейінге шегерілді. Енді Қарағандыда көзге түскен үздіктерді қалған 2 айтулы бәсекеге дайындаймыз. Маңызды жарыстар қарсаңында Варшавадағы Польша ашық чемпионатына (20-24 шілде) қатысу жоспарланған. Осыдан кейін негізгі құрамдағы балуандар сол елдегі Слава қаласында өтетін халықаралық оқу-жаттығу жиынында қалады. Мұнда олар АҚШ пен Еуропадағы бірқатар елдің құрамасымен шеберлігін шыңдайды. Ал екінші құрам елге оралып, Түркиядағы Ислам ынтымақтастығы ойындарына аттанады»,-деді Қайрат Сағадиев.

Естеріңізге сала кетейік, V Ислам ынтымақтастығы ойындары биыл 9-18 тамыз аралығында Түркияның Конья қаласында, ал күрес түрлерінен 17-ші Әлем чемпионаты 10-18 қыркүйек күндері Сербия астанасы Белградта өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес