12.03.2024 | 07:21

Қазақ боксшылары Париж Олимпиадасына 5 лицензия жеңіп алды

Бүгін Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында Олимпиада лицензиясы үлестірілген іріктеу турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.  

Барлығы Олимпиаданың 49 жолдамасы сарапқа салынған бәсекеде Қазақстан намысын 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) қорғап, бесеуі Парижге баруға мүмкіндік алды. Апенин түбегінде алғаш болып 11 наурызда Азия чемпионы Айбек Оралбай (92 кг) елге жақсы жаңалық сыйлады. Ол шешуші жекпе-жекте Джамар Таллейден (АҚШ) барлық раундта басым түсті.

Сосын, Валентина Хальзова ширек финалда Ұлыбритания атынан сынға түсетін Синди Нгамбаға есе жіберді. Физикалық мықтылығын ұтымды пайдаланған Синди Нгамба Ұлттық құрама спортшысын 3 мәрте нокдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алуа Балқыбекова (50 келі) теңдей өткен айқаста Карина Клетцерге (Германия) 2:3 есебімен жол берді. Осылайша, Бусто-Арсициода еліміздің әйелдер құрамасы Олимпиадаға лицензия ала алмады.

2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов (51 кг) ширек финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері британдық Киаран Макдональдты 4:0 есебімен жеңді.

Махмұд Сабырхан (57 кг) тартысты шешуші айқаста жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асрор Вахидовты 4:1 есебімен тізе бүктірді. Сонымен қатар әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов (71 кг) әзірбайжандық Вархан Алиевтен айласын асырып, 4 жылдықтың басты додасына «билет» алды.

80 келіде әлем чемпионы Нұрбек Оралбай Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Колин Кассидиді 4:1 есебімен жеңді.

Париж Олимпиадасы жолдамасының иегерлері:

Әйелдер:

57 кг – Карина Ибрагимова;

Ерлер:

51 кг – Сәкен Бибосынов;

57 кг – Махмұд Сабырхан;

71 кг – Асланбек Шымбергенов;

80 кг – Нұрбек Оралбай;

92 кг – Айбек Оралбай;

+92 кг – Қамшыбек Қоңқабаев.

Суреттердің авторы – Аян Төлеген.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес