26.10.2023 | 02:29
Бөлісу:
Қазақ каратэшілері үшін тарихи күн!
Бүгін Қайсар Алпысбай (60 кг) мен Мөлдір Жаңбырбай (50 кг) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Кумите бағдарламасында Қайсар жартылай финалда әлем чемпионы Анджело Крешенцоны (Италия) 5-1 есебімен жеңді. Енді Қайсар алтын медаль үшін грекиялық Христос-Стефанос Ксеноспен күш сынасады.
Айта кетейік, Қайсар қазір WKF каратэден әлем рейтингінде 7-орында тұр. Ол – Премьер-лига санатындағы бәсекеде 3 мәрте топ жарған. Ол биылғы Азия чемпионы және Ханчжоуда өткен Азиаданың жеңімпазы.
Ал Мөлдір әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасады. Отандасымыз жуырда ғана Азия ойындарынан елге күміс жүлдемен оралған.
Сондай-ақ жексенбі күні Дидар Әмірәлі (67 кг) мен Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль үшін таласады.
«Бұл біздің еліміз үшін тарихи сәт! Алғаш рет екі спортшымыз әлем чемпионатының финалында. Осыған дейінгі ірі жетістігіміз - 2008 жылғы Дархан Асаділовтің күміс медалі еді. Екі финалмен қоса екі қола үшін жекпе-жек күтіп тұр. Жалпы ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар. Сәтін салып, елге екі алтынмен қайтуға барымызды саламыз»,-деді WKF каратэден Халықаралық дәрежедегі төреші, Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған Асқар Молдағали Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі берген сұхбатында.
Айта кетейік, WKF каратэден Ұлттық құрама XIX жазғы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, бәрі жүлдеге ие болды (3 алтын, 3 күміс, 2 қола). Сондай-ақ биыл Азия чемпионатында алғаш рет жалпы есепте топ жарды.
Анықтама: Қазақстан осыған дейін әлем чемпионаттарында 1 күміс пен 10 қола жүлдеге қол жеткізген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: