28.10.2023 | 13:05

Қазақстан нысана көздеуден Азия чемпионатындағы жүлде санын 12-ге жеткізді

Қазақстандық мергендер Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында нысана көздеуден XV Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға көздеуден ерлер арасында Асадбек Назиркульев, ал әйелдер арасында Зухра Ирназарова алтыннан алқа тақты. Дәл осы сында Александра Садуакасова қола жүлде алды. Бұл жаттығу Олимпиаада бағдарламасына кірмейді.

Ал төрт жылдықтың басты додасына кіретін пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден аралас командалық сында Александра Ле мен Ислам Сатпаев жұбы 630.5 ұпаймен қолаға қол жеткізді. Аталмыш бағдарламада жасөспірімдер арасында ел намысын қорғаған Руслан Загитов пен София Шульженко жұбы үшінші орыннан көрінді.

Осылайша, Ұлттық құрама қол жеткізген жүлде саны 12-ге жетті. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс, бесеуі қола.

Айта кетейік, Чангвон қаласында өтіп жатқан дода 2 қарашада мәресіне жетеді. Жарыста 30 мемлекеттен келген 800-ден астам мерген бақ сынап жатыр. Байрақты бәсеке кезінде Париж Олимпиаданың 24 жолдамасы сарапқа салынады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес