17.08.2023 | 01:12
Бөлісу:
Қазақстан құрамасы олимпиадалық турнирде Сирияны ұтты
Бүгін баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы Сирия астанасы Дамаскте өтіп жатқан Азия құрлығындағы олимпиадалық іріктеу турнирінде жарыс қожайынын ұтып, топта 3-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бұл ойынның есебі: 85-70. Қазір Қазақстанның еншісінде 2 жеңіс, 2 жеңіліс бар. Ал алаң иелері 4 матчтың тек біреуінде жанкүйерлерін қуанта алған.
Қазақстан - Сирия ойынының шолуы
Ұлттық құрама сапындағы ең нәтижелі ойыншы Роберт Пан қарсыластың құтын қашырды. Ол 30 ұпай жинап, 12 мәрте допты қарсыластан тартып алды. Бес рет үш ұпайлық соққыны дәл орындады. Одан кейінгі сатыда Шаим Қуанов тұр (18 ұпай).
Сириялықтардан көзге түскен баскетболшы деп Брэндон Петерсонды атап өтуге болады (19 ұпай).
Енді Қазақстан ертең шешуші турда Сауд Арабиясымен күш сынасады. Сәл ертеректе Индонезиядан 95-72 есебімен басым түскен Бахрейн құрамасы жеңіс санын төртеуге жеткізіп, А тобында жеке-дара көш бастады. Осылайша, олар Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған турнирдің алғашқы кезеңінде жеңіске жетті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: