15.05.2024 | 15:37

Қазақстанда алғаш рет 3х3 баскетболдан World Tour Masters турнирінің кезеңі өтеді

13-14 шілдеде Алматы қаласы алғаш рет баскетболдан 3х3 санатындағы World Tour турнирін қабылдайды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Оған алдын ала іріктеуден өткен 12 халықаралық команда қатысады. Ұйымдастырушының World Tour Masters Almaty-2024 турниріне өз таңдауы бойынша бір команданы (Wild Card деп аталатын) енгізу құқығынан басқа, Қазақстан Республикасы баскетбол федерациясы 2 команданы қоса алады. Ол квоталар 15-16 маусымда Атырауда FIBA демеушілігімен өтетін «Atyrau Quest» турнирінің жеңімпаздарына беріледі. Қазақстандық командалар бұл турнирге 3х3 баскетболдан Қазақстан чемпионатының кезеңдері арқылы жолдама алады.

Былтыр 3x3 Almaty Quest баскетбол турниріне қатысқан FIBA Атқарушы директоры Алекс Санчес мырза жарыстың ұйымдастырылу жұмысына жоғары баға берді және Алматының жоғары деңгейдегі турнирлерді өткізуге дайын екеніне сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан баскетбол федерациясының FIBA-мен бірлесіп, елімізде 3х3 баскетболын тұжырымдамалық дамыту бағытында көптеген жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

Нәтижесінде FIBA биыл Қазақстанға әлемдік тур деңгейіндегі турнир өткізуді сеніп тапсырды. Есіңізге сала кетейік, World Tour деңгейіндегі турнир FIBA-ның басты оқиғасы. «Алматы туры» маусымның соңындағы гранд-финал жолындағы маңызды және жоғары деңгейдегі турнирлердің бірі саналады.

«FIBA барлық дайындық процесін мұқият қадағалайды және турнирді өткізуге тікелей қатысады. Біз шамамен 25 адамнан тұратын FIBA делегациясын күтіп отырмыз. Әрине, біз FIBA-ның көшбасшылары Алматыға келетініне сенеміз. Ұйымдастырушылар Wild Card ойынын арнайы ашық турнирде беруді ұйғарды. Ол екі іріктеу форматында Астана мен Алматыда, сондай-ақ оңтүстік астанамызда өтетін финалдық кезеңінде анықтайды. Бұл турнир 3x3 Road to Wild Card WT Almaty-2024 деп аталады және жақын арада жарияланады. FIBA талаптары мен турнир ережелеріне сәйкес келетін кез келген команда қатыса алады. Жақсы ойнап, әділ жекпе-жекте жеңіске жетіп, Әлемдік турға жолдама алыңыз», – дейді World Tour Masters Almaty-2024 ұйымдастырушылары.

Айта кетейік, 3х3 баскетбол бүгінде ең серпінді дамып келе жатқан және әсерлі спорт түрлерінің бірі және ол жазғы Олимпиада бағдарламасына да енгізілген. Дүниежүзілік турды Алматыда өткізу – елімізде 3х3 баскетболдың дамуына серпін беріп, қаланың және еліміздің спорт тарихында қалады.

World Tour Masters Almaty-2024 ұйымдастырушылары – Алматы қаласының әкімдігі, 3x3 Pilot Sports жобасының промоутері. Турнир Қазақстан баскетбол федерациясының қолдауымен өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес