08.12.2022 | invalid
Бөлісу:
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Загребтегі бәсекені бетке алды
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы - Диас Жиренбаев, Михаил Шайдоров, Анна Левковец, София Фарафонова, Багдана Рахишова Хорватия астанасы Загребте басталған Golden Spin of Zagreb (хорватша Zlatna pirueta Zagreba) турнирінде бақ сынайды. Бұл биылғы Халықаралық конькишілер одағының (ISU) осы маусымдағы Challenger санатына кіретін соңғы 10-шы турнирі.
Биыл 20-дан астам елдің мәнерлеп сырғанаушысы жиналған жарыс 10 желтоқсанда мәресіне жетеді. Қазақстандық спортшылардың бәрі жекелей сында өнер көрсетеді.
Денис пен Элизабеттің даңқты жолы
Айтпақшы, танымал отандасымыз Денис Тен дәл осы турнирде 3 рет топ жарған. Әуелі 2009 жылы чемпион болған Денис 2014 жылы жаттығулардың тығыз кестесі мен жоспарланған өзге жарыстарға қарамастан, Загребте керемет өнер көрсетіп, 1-орын алды. Келесі, 2015 жылы да Денис Тен мұнда бірінші болды. Ол кезде Денис табысты карьерасындағы екінші ең көп ұпайды (276,39 балл) жинаған-ды.
Ал сол 2015 жылы әйелдер арасында Элизабет Тұрсынбаева Golden Spin of Zagreb-тің күміс жүлдегер атанған.
Жалпы бұл турнир 1967 жылы алғаш мәрте ұйымдастырылған. ISU Challenger Series турнирлері 2014 жылдан бастап өтеді десек, Загребтегі бәсеке осы уақытқа дейін осы сериядан тыс қалмаған. Жыл сайын ISU Челленджер сериясына енгізілген жарыстардың тізімін қайта бекітііп отырады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: