22.11.2022 |

Шорт-тректен Алматыда өтетін Әлем Кубогы кезеңіне қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

9-11 және 16-18 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы «Халық аренада» шорт-тректен Әлем Кубогының III, IV кезеңі өтеді. Жылдың қорытынды жарыстарына 30 елдің 250-ге жуық таңдаулы спортшы келмек. Бұл қатарда Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Қазақстан биыл маусымда Халықаралық конькишілер одағынан (ISU) шорт-тректен екі Әлем Кубогы кезеңін өткізу құқығын алған еді. Алматыда Ұлттық құрама сапында 12 спортшы бақ сынайды:

Ерлер: Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Нұртілек Қажғали, Еркебұлан Шамұханов, Санжар Жанысов;

Әйелдер: Ольга Тихонова, Яна Хан, Мадина Жанбосынова, Анастасия Астраханцева, Алина Әжғалиева, Алёна Волковицкая;

Алматы араға 4 жыл салып Әлем Кубогы кезеңін қайта қабылдамақ. Елімізде алғаш мәрте өткен 2018 жылғы бәсекеде (сол маусымдағы 3-кезең) Абзал Әжғалиев өз отандастарының көз алдында 500 метрге жарыста қола жүлдегер атанған.

Айта кетейік, Монреальда (Канада) өткен биылғы Әлем Кубогының алғашқы кезеңінде ерлер құрамасы 5 шақырым эстафетада күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Солт-Лейк-Ситидегі (АҚШ) 2-кезеңде Ұлттық құрама 3 жүлде жеңіп алды. Әуелі Абзал Ажғалиев 500 метрде мәреге 2-болып келді. Ертесіне Денис Никиша 500 метрге жарыста күміс жүлдегер атанса, Әділ Ғалиахметов мың метрге жарыста үздік үштікті түйіндеді.

Әлем Кубогының келесі кезеңдері:

5-кезең – Дрезден (Германия), 3-5 ақпан;

6-кезең – Дордрехт (Нидерланд), 10-12 ақпан;

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес