28.11.2023 | 18:38
Бөлісу:
Таеквондодан Гран-придің финалында бір қазақстандық бақ сынайды
2-3 желтоқсан аралығында Манчестер қаласында (Ұлыбритания) таеквондодан 2023 жылғы Гран-придің финалы өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бұл бәсекеде Олимпиада бағдарламасына кіретін 8 салмақта 38 мемлекеттен жиналған 128 таңдаулы спортшы жүлдеге таласады. Яғни, әр салмақта 16 даянг шеберінен. Бастысы, мұндағы ұпайлар Париж ойындарына бару мүмкіндігін жақындата түседі.
Қазақстан атынан Манчестерге тек бір ғана таеквондошы барады. Ол – 67 келіден жоғары салмақтағы Жансель Дениз. Джакартадағы Азиаданың күміс, Ханчжоудағы ойындардың қола жүлдегері қазір олимпиадалық рейтингте 14-сатыда тұр. Демек, Ұлттық құрама өкілі Астана қаласында (2-4 желтоқсан) өтетін VI жазғы Спартакиадаға қатыса алмайды.
Жансель биыл Бакуде өткен әлем чемпионатында 73 кг салмақта ширек финалда сүрініп (Полина Хан), жүлдеге бір табан жетпей тоқтаған. Бұл салмақта әлем чемпионы Алтея Лорин жалпы рейтингтің көшбасшысы.
Бұдан бөлек, Гран-придің финалында мынадай танымал спортшылар бақ сынайды – 2019 жылғы әлем чемпионы, Ханчжоудағы Азиаданың жеңімпазы Джун Чжан (Оңтүстік Корея, 58 кг); Токио Олимпиадасының чемпионы Панипак Вонгпаттанакит (Таиланд, 49 кг); Токио Олимпиадасының чемпионы Ұлықбек Рашитов (Өзбекстан, 68 кг); 2023 жылғы әлем чемпионы Симоне Алессио (Италия, 80 кг); 2023 жылғы әлем чемпионы Шейк Салла Сиссе (Кот-д'Ивуар, 80 кг); 2023 жылғы әлем чемпионы Цзунши Ло (Қытай, 57 кг) және Магда Вит Энен (Франция, 67 кг);
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: