12.05.2023 | 21:59

Ташкенттегі ӘЧ-ның финалына 5 қазақ боксшысы шықты

Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шыққан боксшылар анықталды. Бүгін ел намысын Санжар Ташкенбай, Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауов, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай қорғады.

Ұлттық құрамадағы ең жас, әрі ең жеңіл салмақтағы боксшы финалға шықты. Санжар Ташкенбай (48 кг) тартысты жекпе-жекте ресейлік Эдмонд Худоянды тізе бүктірді. Ересектер арасында алғаш рет ӘЧ-ның финалында отандасымыз грузиялық Сахил Алахвердовимен күш сынасады.

Ұлттық құрама сапынан 2-болып финалға Махмұд Сабырхан жолдама алды. Ол 54 келі салмақтың жартылай финалында 2017 жылғы әлем чемпионы кубалық Йосвани Вейтиадан басым түсті. Алтын үшін айқаста Махмұд жарыс қожайыны Ойбек Джураевпен жұдырықтасады.

Осыдан кейін рингке шыққан Дулат Бекбауов күндізгі сессияны көтеріңкі көңіл күйде аяқтады. Орта салмақтағы (67 кг) отандасымыз тағы бір грузиялық былғары қолғап шебері Лаша Гурулидің адымын аштырған жоқ. Оның финалдағы қарсыласы өзбекстандық Асадхужа Муйдинхуджаев.

Кешкі сессияда бас бапкер Мырзағали Айтжановтың тағы 2 шəкірті рингке шықты. Соның алғашқысы Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) үндістандық Нишант Девті ұтты. Енді отандасымыз тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен кім мықтыны анықтайды.

Күннің əдемі нүктесін ауыр салмақтағы Нұрбек Оралбай қойып, қазақ жанкүйерлерін тағы қуантып тастады. Олимпиадасының қола жүлдегері ресейлік Имам Хатаевпен болған жекпе-жекте отандасымыз басым түсті. Енді Нұрбек финалда Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанмен кездеседі.

Финалдар 13-14 мамырға жоспарланған. Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA)  200 000 АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 000 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 000 мың АҚШ доллары беріледі. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн АҚШ доллары. Байрақты бəсекені Qazaqstan және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес