23.07.2022 | invalid
Бөлісу:
Триатлоннан Азия чемпионатында 2 қазақстандық жүлдегер атанды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында U19 және U23 санатында триатлоннан Азия чемпионаты басталды. Бәсекеге сары құрлықтағы 13 елдің 100-ден астам спортшысы қатысты. Бұл қатарда ел намысын 15 атлетіміз қорғап, екеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді.
23 жасқа дейінгі ерлер арасында өнер көрсеткен Дарын Қонысбаев Гонконг өкілі Оскар Коггинске есе жіберіп, мәреге 2-ші келді. Оның уақыт көрсеткіші: 1 сағат, 51 минут, 14 секунд. Үздік үштікті қытайлық Чен Цин түйіндеді.
Бұл санатта әйелдерден жапон Изуми Икегучидің мерейі үстем түссе, қытайлық Вен Вей күмісті, оның отандасы Синь Лин қола медальді місе тұтты.
Ал 19 жасқа дейінгі ерлер арасында жапон Аму Омуро мен Такуто Осима жұбы қазақстандық Егор Крупяковты соңғы айналымда басып озды. Әйелдер арасында да Жапония құрамасының өкілдері дес бермеді. Нәтижесінде Мако Хиразуми топ жарса, оған барын салып көмектескен Манами Хияши күміске, Гонконг спортшысы Шарлотта Холл қолаға қол жеткізді.
Енді ертең Триатлон саябағында сары құрлық бәсекесінің соңғы күні Pro, Age Group және Challenge Swim санатындағы спортшылар өзара кім мықтыны анықтайды.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: