30.01.2023 | 16:41

Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова Әлем Кубогінің қола жүлдегері атанды

Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден Әлем Кубогі өтіп жатыр. Бүгін Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлде түсті.

Қазақстандық Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы аралас жұптар арасындағы жүлдеге таласта Оңтүстік Корея спортшыларын 16-10 есебімен жеңді. Екінші қола Аустрия мергендеріне бұйырды.

Айта кетейік, кеше Валерий Рахымжан пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден жекелей сында 4-орын алған. Джакартадағы бәсекеге барлығы 15 қазақстандық спортшы аттанды. Олардың бәрі Әлем Кубогі қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.

Қазір Қазақстан және Польша құрамасы жалпы есепте 2 медальмен (1 күміс, 1 қола) 7-орында тұр.

Индонезиядағы сайыста (31 елден, 300-ге жуық спортшы келген) рейтинг ұпайлары сарапқа салынып жатыр. Ал бұл ұпайлар кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді. Әлем Кубогі 7 ақпанда мәресіне жетеді.

Бүгінгі жарысты мына жерден толық көре аласыздар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес