21.06.2022 | invalid

Велотрек: Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 4 медальге қол жеткізді

Үндістан астанасы Делидегі Индира Ганди атындағы жабық стадионда велотректен ересектер арасында 41-ші, жасөспірімдер арасындағы 28-ші, пара-спортшылар арасындағы 10-шы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жыл сайынғы жарысқа биыл 15 елдің үздіктері жиналды. Мұнда Париж Олимпиадасының іріктеуіне ұпай беріледі.

Бүгінгі нәтиже бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 1 алтын, бір күміс пен 2 қола медаль бар.

Жасөспірімдер арасында бір шақырымға уақытқа жарыста Кирилл Курдиди алдына жан салған жоқ. Чемпионнның көрсеткіші – 1:02.840 секунд. Оңтүстік кореялық Чон Ву Ким күміс, жапон Минато Наканиси қола жүлдегер атанды.

Екі Олимпиадада бақ сынаған тәжірибелі отандасымыз Артём Захаров омниум бағдарламасында 123 балл жинап, күміс жүлде жеңіп алды. Жапон Сюнсуке Имамура топ жарса (152 ұпай), Мұхаммед Ганджханлу 120 ұпай жинап, Иран қоржынына чемпионаттағы 5-жүлдені салды.

Сондай-ақ әйелдер арасындағы омниумда қазақстандық Рината Сұлтанова 121 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді. Жапон Цуяко Учино чемпион атанса (139 ұпай), индонезиялық Делия Аюстина Приатна 123 ұпаймен екінші орын алды.

Біздің анықтама: Омниумды велотректегі көпсайыс деп атауға болады. Велошабандоздар бір күнде бірнеше бағдарлама бойынша жарысады. Омниумнан Олимпиада жүлдесі алғаш рет 2012 жылы Лондонда сарапқа салынды. 2016 жылдан бастап көпсайыстың құрамында 4 бағдарлама қалды. Олар: скретч (мұнда мәреге кім 1-келсе, сол жеңеді), ұпайға талас, жан бағу (әр белгіленген айналымда соңғы болып мәре сызығын кескен спортшы жарыстан шығады) мен із кесу жарысы. Байқағаныңыздай, нәтижесінде ең көп ұпай жинаған атлет жеңіске жетеді.

Қазақстан қоржынына 2-қола жүлдені Сергей Пономарёв салды. Ол кейрин сынында Кохей Терасаки (Жапония) мен Шах-фирдаус Мұхаммед Сахромға (Индонезия) есе жіберді. Осы бағдарламада жарыс жолына шыққан тағы бір қазақстандық Андрей Чугай 6-сатыға жайғасты.

Біздің анықтама: Кейрин – өткен ғасырдың ортасынан бастап Жапонияда қарқынды дамыған тректегі веложарыс түрі. Спортшылар 2 шақырым жарысады. Тректегі сынға бір мезетте кем дегенде 6, ары кетсе 9 спортшы шығады. Позиция жеребе арқылы анықталады. Олар сөреде жанкүйерлерге қарап 2 рет иіліп сәлем беруі қажет. Велошабандоздар бір жарым шақырым бойы көш бастап жүретін арнайы адам – пейсердің соңынан еріп, өзіне ыңғайлы позиция үшін таласады. Ал 500 метр қалған кезде пейсер шетке шығып, мәреге дейін қызу талас жүреді. 2000 жылдан бастап Олимпиада бағдарламасынан түскен емес.

Айта кетейік, 18 маусымда басталған чемпионат ертең мәресіне жетеді. Трек пен тас жолдағы велоспорттан құрлық чемпионаты 2017 жылдан бастап бөлек ұйымдастырылады.

«Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес