06.08.2023 | 16:21

Ұлттық құрама Дамасктегі олимпиадалық іріктеу турнирінде бақ сынайды

12-20 тамыз күндері Сирия астанасы Дамаскте баскетболдан ерлер арасында Азия құрлығындағы олимпиадалық іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Мұнда топ жарған ойыншылар Париж Олимпиадасына бір табан жақындай түседі. Сириядағы сында құрамалар осылай 2 топқа бөлінді.

А тобы: Бахрейн, Қытай Тайбэйі, Үндістан, Оңтүстік Корея

В тобы: Қазақстан, Индонезия, Сауд Арабиясы мен Сирия.

Бұл құрамалар «Әл-Файха» стадионында бір-бірімен ойнап, әр топтағы үздік 2 команданы анықтайды. Кейін осы 4 мемлекет жартылай финалға шығады. Тек жеңімпаздар ғана (5 құрлықтағы турнирдің жеңімпазы) 2024 жылы өтетін FIBA-ның 2-іріктеу турнирінде бақ сынайды.

Африка құрлығында іріктеу додасын Нигерия (Лагос қаласы), Оңтүстік Америкада Аргентина (Сантьяго-дель-Эстеро мен Лабанда қаласы) ұйымдастыруды өз мойнына алды. Ал Еуропа құрлығындағы дәл осындай 2 бәсеке өтеді. Алғашқысы Түркияның Ыстанбұл қаласында, кейінгісі Эстония (Таллинн) мен Польшада (Гливице).

Франциядағы Олимпиада іріктеуіне баскетболдан ерлер арасында 40 құрама қатысады. Оның 28-і биылғы әлем чемпионатына іріктеудің 2-кезеңіне жеткені болса, қалған 12-сі ӘЧ-на іріктеудің 1-кезеңінде сүріген, бірақ рейтингте көп ұпайы барлар. Барлық матчты Халықаралық баскетбол федерациясының сайтынан, Youtube арнасынан тамашалай аласыздар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес