30.12.2024 | 10:04
Бөлісу:
2024 ЖЫЛ ҚАЗАҚ СПОРТЫНДА НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?
2024 жыл ірі кешенді халықаралық бәсекелерге толы болды. Мәселен, жыл басында біздің жанкүйерлер Оңтүстік Кореядағы IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына көз тіксе, жаз Париждегі 4 жылдықтың басты додасымен есте қалды. Осы аралықта Ұлттық құрама спортшылары басқа жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі назарыңызға солардың бір парасын ұсынады.
8 ЖЫЛ КҮТКЕН ОЛИМПИАДА АЛТЫНЫ
Елдос Сметов үшінші Олимпиадасына қатысып, дзюдодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Осылайша, Елдос Олимпиадада ең көп жүлде алған ТОП-3 отандық спортшының қатарына кірді.
СПОРТТЫҚ ГИМНАСТИКАДАҒЫ ТАРИХИ КҮМІС ЖҮЛДЕ
Париж Олимпиадасында тұтқалы ат снарядындағы жаттығуда 26 жастағы Нариман Құрбанов күміс жүлдеге ие болды.
НЫСАНА КӨЗДЕУДЕН 28 ЖЫЛДАН КЕЙІН БҰЙЫРҒАН МЕДАЛЬ
Париж Олимпиадасында 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден аралас жұптық сында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле 3-орынға ие болды.
Осыған дейін жерлестеріміз нысана көздеуден сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 2 күміс, 1 қола жүлде алған.
ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА БАРҒАН ЕГІЗ БОКСШЫЛАР
Олимпиада тарихында 5-ші рет егіз боксшылар (Нұрбек пен Айбек Оралбай) бақ сынады. Нәтижесінде Нұрбек Парижде 80 келіде финалға дейін жетті.
ҚЫСҚЫ ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ АЛТЫН
Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясында өткен жаһандық бәсекенің алғашқы күнінде 18 жастағы Илья Мизерных шаңғымен тұғырдан секіру жарысында чемпион атанды.
СУ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ АЛТЫН
Су спорты түрлерінен Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова көркем жүзуден техникалық аралас бағдарламада алтыннан алқа тағып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл - Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген тарихи алтын медалі.
ФУТЗАЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫН ТОҚТАТҚАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы ең ірі жеңісін қайталады. Сондай-ақ, жерлестеріміз ірі турнирлердің финалдық кезеңінде 8 жылдан бері жеңілмеген Португалияға тосқауыл болды. Ал Біржан Оразов Испания қақпасына 6-секундта гол соғып, тарихтағы ең жылдам голдың авторы атанды.
ШАХМАТ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕСІ
Шахматтан Будапеште (Мажарстан) рекордтық 169 елдің қатысуымен өткен Олимпиадада еліміздің әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет 2-орынға тұрақтады.
Үндістан – 19 ұпай
Қазақстан – 18 ұпай
АҚШ – 17 ұпай
Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова бірде-бір ойында жеңілмеді.
UFC-ДЕ ЧЕМПИОНДЫҚҚА ЖАҚЫНДАҒАН ШАВКАТ РАХМОНОВ
30 жастағы Шавкат Рахмонов желтоқсанда биылғы бірінші жекпе-жегін жеңілістің дәмін татпаған Иэн Гэрриге қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен басым түсті. Енді келесі жылы чемпион атағы үшін Белал Мұхаммадпен кездеседі.
ЕРКІН КҮРЕСТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ЕКІНШІ АЛТЫН
Күрес түрлерінен Тиранада (Албания) өткен Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионатында 70 келіде Нұрқожа Қайпанов топ жарды. Бұл - еркін күрестен ел тарихындағы екінші алтын.
ШОРТ-ТРЕКТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ БІРІНШІ ЖҮЛДЕ
Шорт-тректен Роттердам (Нидерланд) қаласында өткен әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта Денис Никиша тарихи күміс жүлде алды.
КАНОЭДЕ ЕСКЕК ЕСУДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕ
Каноэде ескек есуден Самарқан қаласында (Өзбекстан) өткен әлем чемпионатында Мария Бровкова 500 метрге жарыста 3-орынға тұрақтады. Осылайша, ол әлем чемпионатында ел тарихында жүлде еншілеген бірінші ару атанды.
ӘУЕСҚОЙ БОКСТАҒЫ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ – ТӨРЕХАН САБЫРХАН
Махмұд Сабырханның інісі Төрехан 2024 жылы жарқын боксымен есте қалып, ересектер арасына бұзып-жарып кірді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: