15.11.2024 | 15:53
Бөлісу:
ХАРБИН-2025: ҚЫСҚЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ 7 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ. Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг жарыстары, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде болады.
Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды.
«Құрметті БАҚ өкілдері, көрермендер. Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына 3 айдан аз уақыт қалды. Бұлбіз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан 14 алтын, 9 күміс, 8 қола жүлде жеңіп алған. Бұл жалпы есептегі 2-орын.
Жалпы Қазақстан қысқы Азиадаға сол 1996 жылғы ойынындардан бері қатысып келе жатыр. Осы аралықта 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», - деп айтты ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.
Еліміздің Ұлттық құрамасы спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) алып барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.
1. Биатлон – 10 спортшы;
2. Кёрлинг – 12 спортшы;
3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;
4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;
5. Шорт-трек – 12 спортшы;
6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;
7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;
8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;
9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;10.
10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;
11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы.
Бұл қатарда жоғары нәтижеге қол жеткізетін әлеуетке ие мына спортшыларымызды атап өтуге болады:
Биатлон: Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Владислав Киреев, Галина Вишневская-Шепоренко, Арина Крюкова, Вадим Куралес.
Шаңғы жарысы: Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Святослав Матасов, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина.
Конькимен жүгіру спорты: Нұралы Ақжол, Надежда Морозова, Артур Галиев, Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин.
Шорт-трек: Абзал Ажғалиев, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Жанбусинова Мадина, Ермек Малика, Ажгалиева Алина, Ольга Тихонова, Яна Хан.
Фристайл-акробатика: Ардана Маханова, Аяна Жолдас, Роман Иванов Роман, Шерзод Хаширбаев.
Айта кетейік, жыл басында ойындардың эмблемасы мен талисманы таныстырылды. Бәсекенің бойтұмары - Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Бинбин мұз жарыстарын, ал Нини қар жарыстарын бейнелейді.
Эмблема қысқы спорттың бірегейлігі мен рухын көрсетсе, ал бойтұмар мәдени ұқсастық пен жергілікті мәдениеттен хабар береді.
Еске сала кетейік, Қазақстан қысқы Азия ойындарын бір рет қыбылдаған. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткен кешенді жарыста Ұлттық құрама 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте алғаш рет 1-орын алған. Осыған дейінгі VI ойындар 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен. Қазақстан командасы 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) 4-сатыға тұрақтаған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалық2024 ЖЫЛ ҚАЗАҚ СПОРТЫНДА НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?