23.03.2023 | 23:09
Бөлісу:
Әлем чемпионатының сегізінші күні: 2 қазақстандық боксшы финалға шықты
Делидегі әлем чемпионатының 8-жарыс күні Қазақстан әйелдер боксының тарихына енді – 6 бірдей спортшымыз жартылай финалда өнер көрсетті. Яғни, құрама қоржынына 6 жүлде түсті.
Қазақстандық боксшылардан финалға бірінші болып Карина Ибрагимова (57 кг) шықты. Оның жартылай финалдағы тайпейлік қарсыласы Линь Юйтин алдыңғы әлем чемпионаттарында 3 медаль алған, оның екеуі алтын. Ибрагимова мен Линь былтыр Стамбулда өткен әлем біріншілігінің 1/2 финалында жұдырықтасып, Тайпей елінің өкілі басым түскен болатын. Дегенмен, біздің Карина қарсыластың атақ-даңқынан қаймықпай, жекпе-жек тізгінін өз қолында ұстады. Нәтижесінде отандасымыз жеңіске жетіп, финалдың жолдамасына ие болды. Демек, кеткен есені қайтарды.
«Әлем біріншілігінде 4 жекпе-жек өткізіп үлгердім. Бүгінгі қарсыласым өте мықты еді, әлем чемпионы. Бірақ, жеңіс біздікі болды. Бүкіл Қазақстан халқын Ораза айының басталуымен құттықтаймын. Енді финалда үздіктердің бірі – италиялық Ирма Тестамен кездесемін», - деді Карина Ибрагимова жекпе-жектен кейін.
Финалға шыққан екінші боксшымыз - Ләззат Күнгейбаева (+81 кг). Осылайша ол еліміздегі ауыр салмақтың үздігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әзірбайжан боксшысы Айнұр Рзаевамен күш сынасқан отандасымыз, қарсыласын жеңіп финалға сүрінбей өтті. Өзара үшінші рет өткен кездесулердің барлығында Ляззат басым түсіп отыр. Енді 2016 жылғы нәтижені қайталап, екі дүркін әлем чемпионы атану ғана қалды.
4 боксшымыз әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Тұғырдың үшінші сатысына Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) көтеріледі.
Делидегі дүниежүзілік доданың шешуші бәсекелері 25, 26 наурыз күндері өтеді. Карина Ибрагимова финалдың бірінші күні өнер көрсетсе, Ләззат Күнгейбаева шаршы алаңға екінші күні көтеріледі.
Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын үшінші рет қабылдап отыр. Жеңімпаздар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс жүлдегерлер 50 мың, қола жүлдегерлер 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан әйелдер құрамасы толық құраммен өнер көрсетті.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЖАРҚЫН ЖЕҢІС! САҒЫНДЫҚ ТОҒАМБАЙ – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
БӘРЕКЕЛДІ! БЕКЗАТ НҰРДӘУЛЕТОВ ҚОРЖЫНҒА 2-АЛТЫНДЫ САЛДЫ
АБЫЛАЙХАН ЖҮСІПОВ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТАҒЫ КҮМІС МЕДАЛЬ АЛДЫ
ДУЛАТ БЕКБАУОВ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА 2-РЕТ КҮМІС ЖҮЛДЕ АЛДЫ