25.05.2023 | 14:07
Бөлісу:
Мырзағали Айтжанов Ташкенттегі әлем чемпионатын қорытындылады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінде Ташкентте өткен бокстан XXII әлем чемпионаты қорытындыланды. Комитет төрағасы мен оның орынбасарлары және Спортты дамыту дирекциясының басшылығы алдында Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов есеп берді.
Өзбекстан астанасында боксшыларымыз 4 алтын, 1 күміс медальмен жалпыкомандалық екінші орын иеленді. Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Нұрбек Оралбай (80 кг) әлем чемпиондары атанса, Дулат Бекбауов (67 кг) күміс жүлде еншіледі.
«Әлем чемпионатында 7-8 медаль аламыз деп жоспарлағанбыз. Сәкен Бибосынов пен Нұрқанат Райыстың жүлдеге ілінетін мүмкіндіктері болды. Қамшыбек Қоңқабаевқа жеребесі қиын түсті. Біз қазір жастарға қатты көңіл бөліп отырмыз. Назардан ешкім тыс қалмауы тиіс. Мәселен, күні кеше жастар арасында бокстасып жүрген Тәшкенбай мен Сабырхан ересектердің арасында өздерін ерекше көрсете білді. Алда Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары бар. Бұл жарыста Олимпиада лицензиялары сарапқа салынады. Жолдамаларды көптеп алу үшін жұмысты жандандыру керек. Әсіресе, медицинаға басты назар аудару қажет. Өйткені, онсыз алысқа шаба алмайсың. Оған көзіміз жетті», - деді Мырзағали Айтжанов.
Қазір ұлттық құрама боксшылары мен бапкерлері демалыста. 12 маусымда Астанада оқу-жаттығу жиыны басталады. Елордамызға біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Жапония, Филиппин, Бразилия құрамалары да келмекші. Мырзағали Құланұлының айтуынша, бұл жиынның қорытындысы бойынша бірнеше салмақта Азия ойындарында ел намысын қорғайтын боксшылар анықталмақ.
«Әлем чемпионаты қалай өткенін көрдік. Әрине, нәтиже көңілден шықты. Бұл сіздер атқарып жатқан жұмыстың жемісі. Комитет пен бокс федерациясының басшылығы бапкерлік құрамға толық сенім артады. Боксшылар қалған спорт түрлеріне үлгі десем қателеспеймін. Бізге медициналық сүйемелдеуді күшейту қажет. Ұлттық құрамаларда психолог, физиотерапевт және тб мамандар болу керек. Бұл тұрғыда біз әрқашан қолдау көрсетеміз», - деді Ербол Мырзабосынов.
Ұлттық құрама боксшылары маусым айының соңында Астанада жалауын көтеретін Elorda Cup турниріне қатысады. Одан кейін, Түркияға қалпына келуге арналған оқу-жаттығу жиынына барып, Азия ойындарына тиянақты дайындықты бастайды.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлем чемпионаттарына 1993 жылдан бастап қатысып келеді. 16 әлем чемпионатында қазақ елінің боксшылары 18 алтын, 16 күміс, 22 қола медаль иеленген. Ташкенттегі жетістіктен кейін, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы жүлделердің саны бойынша АҚШ-ты басып озып, үшінші орынға көтерілді. Бұған дейін құрамамыз 4 бірдей алтынды 2013 жылы Алматыда өткен дүниезжүзілік додада алған.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЖАРҚЫН ЖЕҢІС! САҒЫНДЫҚ ТОҒАМБАЙ – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
БӘРЕКЕЛДІ! БЕКЗАТ НҰРДӘУЛЕТОВ ҚОРЖЫНҒА 2-АЛТЫНДЫ САЛДЫ
АБЫЛАЙХАН ЖҮСІПОВ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТАҒЫ КҮМІС МЕДАЛЬ АЛДЫ
ДУЛАТ БЕКБАУОВ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА 2-РЕТ КҮМІС ЖҮЛДЕ АЛДЫ