04.08.2024 | 16:37
Бөлісу:
ТАНЫМАЛ ШАХМАТШЫ ДИН ЛИЖЭНЬ БҮЛДІРШІННІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ
Рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты қазақтың жақсы дәстүрімен жалғасты. Қытайдың әйгілі шахматшысы, 17-ші әлем чемпионы Дин Лижэнь жас қазақстандыққа тұсаукесер рәсімін жасады.
4 тамызда Астанадағы Hilton қонақ үйінде гроссмейстер, қазіргі әлем чемпионы жақында бір жасқа толатын кішкентай Шыңғыстың тұсауын кесті.
«Ұлымыздың қаз тұрып, тәй-тәй басқаны Астанада шахмат әлемі жұлдыздарының басын қосқан осынау ірі чемпионат өтіп жатқан кезге сәйкес келуі отбасымыз үшін ерекше қуаныш. Қазақ халқы үшін маңызды бұл рәсімді байсалды мінезімен, әдептілігімен және асқан дарынымен ерекшеленетін қазіргі әлем чемпионы Дин Лижэньнің жасағаны біз үшін құрмет. Баламыз Шыңғыстың жолы ақ болсын, ол да сіңірген еңбегімен танымал чемпион, елінің қайсар азаматы болсын», - деді әкесі Асылхан Қараев.
Қараевтың өзі – шахматшы, төреші және ФИДЕ шебері. Ұлы әкесінің жолын қумаса да, шахмат ойнау дағдысы оның стратегиялық ойлауына және өмірде дұрыс қадам жасауына көмектеседі деп ойын бөлісті.
Шахматшы баланың аяғындағы тұсауын кесіп, сәбиді әкесі мен бірге екі қолынан ұстап ақ жолмен жүргізді. Рәсім сонында алдында 31 жасар Дин Лижень сәбиге тілегін айтты.
«Бүгін мен үлкен құрметке ие болдым – осынау маңызды символдық рәсімге қатыстым. Бұл мұндай рәсімдерге алғаш рет қатысуым. Қандай жолды таңдаса да, сәбидің өмірі бақытты, жолы ашық болады деген үміттемін», - деп тіледі чемпион.
Ақ жолмен тәй-тәй басқан жас қазақстандық түрлі кәсіпті бейнелейтін заттардың ішінен ақ уәзірді таңдады. Бүлдіршіннің ата-анасы қазақтың дәстүрі бойынша алғыс ретінде Динге сыйлық сыйлады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ СЕРИЯСЫНДА КӨШ БАСТАДЫ
БИБІСАРА АСАУБАЕВА ГРАН-ПРИ КЕЗЕҢІНДЕ ТАҒЫ ЖҮЛДЕ ЖЕҢІП АЛДЫ
FIDE GRAND PRIX SERIES: БИБІСАРА АСАУБАЕВА 4-ОРЫНҒА СЫРҒЫДЫ