21.04.2022 | invalid

Азия чемпионаты: Грек-рим күресінің шеберлері командалық есепте 1-орын алды

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда күрес түрлерінен сары құрлық бәсекесі өтіп жатыр. Екі күн бойы грек-рим күресінің шеберлері 10 салмақтағы мықтыларды анықтады. Әуелі назарларыңызға 2-жарыс күнінің нәтижесін ұсынамыз.

Бірінші болып кілемге шыққан Ернұр Фидахметов жұбаныш белдесуінде жарыс иесі Балжынням Цевенравданды ұтып, (Моңғолия) қола медальге ие болды. 60 келіде ел намысын қорғайтын грек-рим күресінің шебері ширек финалда кореялық Ханджэ Чунгтен басым түскенімен, жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жоламан Шаршенбековке (Қырғыз) есе жіберген.

МЕЙІРЖАН ШЕРМАХАМБЕТ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

Мейіржан Шермахамбет финалда тәжірибелі кореялық Хансу Рюды таза ұтып, чемпион атанды. Айта кетейік, Хансу Рю осы салмақтағы басты фавориттің бірі – 4 дүркін Азия, 2 дүркін әлем чемпионы.

Күндізгі сессияда Мейіржан Шермаханбет (67 кг) бірінші жекпе-жегінде үндістандық Сачин Сахраватты таза ұтты (8:0). Содан кейін жартылай финалда өзбек Махмуд Бахшиллоевты жарты жолда қардырды (6:3).

Есіңізге сала кетейік, 2019 жылғы Азия чемпионатының ақтық сынында екі балуан белдесіп, Хансу жеңісті жұлып әкеткен еді. Биыл қазақ балуаны есе қайтарды.

ҚАЗАҚСТАН-ИРАН ТЕКЕТІРЕСІ

Осыдан кейін қос балуанымыз алтын үшін ирандық спортшылармен күш сынасты. Өкінішке қарай, тартысты, шиеленісті өткен екі жекпе-жекте де ирандықтар басым түсті. Абылайхан Әмзеев (72 кг) Мұхаммед Реза Ходжатолла Мохтариге есе жіберді. Есеп 4:1. Ал Дияс Қален (82 кг) тәжірибелі Расул Садег Гармсириден ұтылып қалды. Есеп 3:4.

Соңғы болып шеберлік байқасқан Санжар Серікқан (97 кг) жұбаныш кездесуінде жапониялық Такахиро Цуруданың мықты екенін мойындады.

Қорыта айтар болсақ, балуандарымыз 10 салмақтың 9-ында жүлдегер атанды (2 алтын, 5 күміс, 2 қола). Жалпы грек рим күресінен 6 елдің өкілдері жүлде жеңіп алды. Қазақстан медаль саны жағынан бірінші орында.

Ал жүлде сапасы бойынша:

1.Иран құрамасы – 4 алтын, 1 күміс, 3 қола;

2.Қырғыз Республикасы – 3 алтын, 3 қола;

3.Қазақстан – 2 алтын, 5 күміс, 2 қола;

4.Жапония – 1 алтын, 5 қола;

5.Өзбекстан – 3 күміс 3 қола;

6.Үндістан – 6 қола:

Алдағы екі күнде әйелдер күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес