28.07.2022 | invalid
Бөлісу:
Әлем чемпионаты: қазақстандық жасөспірімдерге 2 қола медаль бұйырды
Италия астанасы Римде 17 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін жасөспірімдердің жаһандық бәсекесінде грек-рим күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
Ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені Арсен Жұма салды. 48 келіге дейінгі салмақта күресетін ол армениялық Тигран Галстянды ұтып (5:3), қола медаль иегері атанды. Ертесіне Юсуф Ашрапов (60 кг) жұбаныш кездесуінде жеңіске жетіп, 3-орын үшін ирандық Аболфазл Хоссейн Миршекармен күш сынасты. Аса тарысты өткен жекпе-жекте қазақстандықтың мерейі үстем түсті. Есеп 11:10.
Өкінішке қарай, Бекнұр Мұқан қола жүлде үшін белдесуде ирандық Пайам Фарзад Ахмади Балутакиге есе жіберді (0:9).
Сондай-ақ, Серғазы Әбдіхадыр (65 кг) жұбаныш белдесуінде Өзбекстан спортшысы Бехруз Барноевтан 7:2 есебімен жеңіліп қалды.
Суреттегі Серғазы Әбдіхадыр.
Рауан Бекімов (51 кг) жұбаныш белдесуде ұтылып, қола үшін күресу мүмкіндігінен айырылды. Нариман Бекімов ширек финалда Өзбекістан спортшысы Хуршидбек Нормухаммадовтан 10:0 есебімен жеңілді.
Таир Амангелді (71 кг) жұбаныш белдесуінде, Бейбіт Қорғанов (80 кг) алғашқы айналымда Украина спортшысы Егор Якушенкодан 11:3 есебімен жеңілді. Элчинбек Розакулов (92 кг) 2-белдесуінде итальян Риккардо Буфистан 6:4 есебімен жеңілді. Аса ауыр салмақтағы (100 кг) Максим Украинцев 1-айналымда америкалық Кой Дуйэн Хопкеден 8:0 есебімен жеңілді.
Грек-рим күресінен жалпы есепте Иран көш бастаса, Әзірбайжан мен Грузия үштікті түйіндеді. Ал Түркия мен Үндістан жасөспірімдері олжалы бестікті қорытындылады. Енді бозкілем төрінде арулар кім мықтыны анықтайды.
Суреттегі Арсен Жұма.
Суреттегі Юсуф Ашрапов.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: