05.10.2023 | 16:32
Бөлісу:
Әлімхан Сыздықов Қазақстан қоржынына 59-жүлдені салды
Грек-рим күресінен аса ауыр салмақтағы палуанымыз Әлімхан Сыздықов Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жүлде үшін белдесуде былтырғы Азия чемпионы Әлімхан Түркменстан спортшысы Айбекшазада Курраевты 5-1 есебімен жеңді.
Сыздықов бүгін ширек финалда Өзбекстан балуаны Темурбек Насимовты айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалда жуырда ғана Белградта әлем чемпионы атанған Иран алыбы Амин Мохаммадзаман Мирзазадеге 1-3 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ бүгін қола жүлде үшін күрескен 97 келі салмақтағы спортшымыз Ислам Умаевқа сәттілік серік болмады. Ол Рустам Ассакаловтан айласын асыра алған жоқ. Ислам күндізгі сессияда Аманберді Агамаммедовты 11-3 есебімен ұтып жартылай финалға шыққанымен, онда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Мохаммадхади Саравиден (Иран) өте алмаған.
Ал әйелдер күресінде Марина Седнева (53 кг) ширек финалда жарыс қожайынынан, ширек финалда вьетнамдық спортшыдан жеңілді. Светлана Анкичева (50 кг) алғашқы айқасында Оңтүстік Корея өкіліне, Эмма Тисина (57 кг) Қытай плауанына жол берді.
Қазір Қазақстан құрамасында 8 алтын, 13 күміс пен 38 қола медаль бар. Осылайша, біздің делегация жалпы есепте 10-сатыға көтерілді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: