23.05.2022 | invalid

Артистік жүзу: Қазақстан құрамасы Суперфиналда 5 медаль жеңіп алды

Грекия астанасы Афиныда артистік жүзуден Әлем Кубогының Суперфиналы аяқталды. Бұл бәсекеде 3 құрлықтағы 23 елден келген 137 спортшы сынға түсті.

Жарыстың алғашқы күні техникалық бағдарламада қазақстандық спортшылар 2 жүлдеге қол жеткізгенін жазғанбыз. Ұлттық құрама өкілдері осы игі дәстүрді лайықты жалғап, кейін тағы 3 рет тұғыр биігіне көтерілді.

Эдуард Ким мен Жаклин Якимова жұбы техникалық жаттығуына Chicago фильміндегі All that Jazz әнін таңдап, шеберліктерін паш етті. Нәтижесінде төрешілерден 78.2740 ұпай алып, қола жүлдеге ие болды. Испан Эмма Гарсия мен Пау Рибес үздік атанса (83.3138 балл), күміс америкалық Клаудия Колетти мен Кеннет Годеге бұйырды.

Алдыңгүні техникалық бағдарламада үздік үштікті түйіндеген Қазақстан командасы (8 спортшы) еркін жаттығуда нәтижесін жақсарта түсті. Бұл жолы «Моана» анимациялық фильміндегі Vaiana әніне өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанды (81,5333 балл). Израиль құрамасы 1-ші, Словакия 3-орынға жайғасты.

Финалдың соңғы күні аралас командалардың еркін комбинация сайысында Қазақстан (10 спортшы) «Испан биі» номерімен қола медальге қол жеткізді (80.8000). Жарыс қожайыны Грекия құрамасы алтын, Израиль күміс медаль жеңіп алды.

Бұл Суперфиналда 4 алтын, 1 күміс жүлдесі бар Испания жеңіске жетсе, Австрия – екінші (4 алтын), АҚШ – үшінші (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) сатыдан көрінді. Қазақстан құрамасы 1 күміс, 4 қола жүлдемен 8-орын алды.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес